Жаңалықтар

Жұмбақ оқиғадан зақымданған АН-26 ұшағы аукционға қойылды

Аукционға шығарылған АН-26 ұшағы / Фото: e-auction сайты

Талғат Бигелдинов атындағы Әскери әуе күштері балансында тұрған АН-26 ұшағын аукционға шығарды.

Ақтөбедегі институт балансындағы ескі ұшақ Астанадағы 19132 әскери бөлімінде тұр. Әскери техника институттың балансында болғанымен, оны сатушы – Қазарнаулыэкспорт мекемесі деп көрсетілген. Ұшақтың құны – 8,2 млн теңге. 1980 жылы шығарылған. Ұшуға жарамсыз. Қайта жөндеу қажеттігі болмағандықтан, ұшақтан керекті бөлшектері мен саймандары алынып, металға бөлініп сатылуы мүмкін.

«Ұшақтың техникалық жай-күй актісінде өз формулярларына сәйкес агрегаттарымен, авиациялық жабдықтар блоктарымен, радиоэлектрондық жабдықтармен және авиациялық қару-жарақпен толық жасақталғаны көрсетілген. Сонымен бірге, 2025 жылғы анықтамаға сәйкес, ұшақта авиациялық қару-жарақ пен 6110 бұйымының «тану және белсенді жауап беру құралдарының» құпия блогы жоқ. Бағалаушы ұшақтағы бағалы металдардың нақты бар-жоғын баланс ұстаушы ұсынған 2025 жылғы анықтама негізінде қабылдағанын атап өтеді. Баланс ұстаушы ұсынған техникалық құжаттаманы зерделеу барысында бағалаушы ұшақта бар бағалы металдардың нақты мөлшерін анықтай алмаған. Бағалаушы техникалық жай-күй актісінде көрсетілген бағалы металдардың мөлшері ұшақта бар деп жорамал жасайды», – делінген бағалаушының есебінде.

Бұл аукционның 2021 жылы елге жарияланбаған бір жұмбағы бар. Бағалаушының есебінде «Әуе кемесі (ұшақ) 2021 жылы 16 сәуірде болған жердегі оқиға салдарынан көптеген зақым алған және жөндеуді қажет етеді» делінген. Алайда ашық ақпарат алаңдарында осы оқиға жайлы ресми органдар ешбір ақпарат таратпаған. 2021 жылдың 13 мамырындағы АН-26 апатынан кейін (4 адам қайтыс болған) бір айдан соң тіркелген бұл жағдайда не болғаны, адамдардың зардап шеккені немесе шекпегені жайлы еш жерде ақпарат жоқ. Осы оқиға болмағанда ұшақ 2025 жылдың наурызына дейін жарамды болар еді (ұшақтың 5 мың рет ұшып, 5 мың рет қонатын уақыты сол мерзімде аяқталған).

Ұшақтың аукционы осы айдың 30 қазанында өтеді.