
Атышулы блогер Жан Ахмадиев көпшіліктің сынына ұшыраған Олжас Байділдиновті жекпе-жекке шақырды. Өзінің инстаграм парақшасында арнайы видеоүндеу де жариялаған.
«Олжас, егер өзіңді шалбар киген жігітпін десең, жұрттың алдында бос сөзбен емес, менімен жекпе-жекке шық. Сені ресми түрде жекпе-жекке шақырып отырмын. Бірақ бұл – екеуміздің ғана айқасымыз емес, бұл – ел намысының айқасы. Қазақтың тілін, мақтанышын, рухын таптаған әр сөзің үшін жауап бересің», – дейді ол видеосында.
Олжас Байділдинов – Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, «Байдильдинов. Нефть» телеграм арнасының авторы. Cондай-ақ өзін Алмэкс Жобасының басшысы, Самұрық-Қазына қоғамдық кеңесінің, Сенат жанындағы сарапшылар клубының, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кеңесінің мүшесі мүшесі ретінде таныстырады.
Телеграм арнасындағы жазбалардың бірінде ол Алматы мен Астанада жолақысын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынған. Осы пікірі үшін көпшіліктің сынына қалды.
Кейін қаржы министрлігі жолақысы негізсіз қымбаттамайтынын айтып, Олжас тек жеке пікірін айтты деп түсіндірді.