Жаңалықтар

Германияда қайтыс болған экс-судья Сайлыбаеваға қатысты бір іс Қазақстанда тіркелді

Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Ресейге көшіп кеткен/коллаж kursiv.media

Германияда қайтыс болған қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты жаңа ақпарат жарияланды. Адвокат Жанна Мұхамадидің айтуынша, 2024 жылдың маусымынан бері ешкім қамауға алынбаған. Ал Қазақстанда «қинау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген.

Экс-судьяның қазасы

Айгүл Сайлыбаева 2024 жылы 3-4 маусымда хабарсыз кеткен. 16 маусымда пышақталған денесі қала шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.

Сайлыбаевамен бір мезгілде оның Ресейден келген 49 жастағы енесі Наталья Донцова жоғалып кетті. 4 маусымда ол немересін балабақшадан алып, үйіне алып келген. Содан бері одан да еш хабар жоқ.

Содан кейін Сайлыбаеваның қызы Жаклиннің әкесі Александрмен бірге екені айтылды.

Айгүлдің ішінде 7 айлық баласы болған

Қазақстандық адвокат Жанна Мұхамадидің айтуынша, Айгүл Сайлыбаеваның аяғы ауыр болған. Алайда ол аса қатыгездікпен өлтірілген.

«Мәйітін қылмыс болған жерден көлге апарып тастаған. Айгүл ол кезде жүктіліктің 24-аптасында болған. Бұл шамамен іштегі баланың 7 айлық кезі. Айгүлдің күйеуі Александр Донцов оның жоғалғанына ешқандай алаңдаушылық білдірмеген, іздеуге тырыспаған және полицияға хабарласпаған», – деп жазды Мұхамади.

Ал экс-судьяның қазасынан кейін, бірқатар жайт анықталған. Ол күйеуі және енесі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл туралы құрбыларына айтып, ұрып-соққанына айғақ болатын фото жіберіп отырған.

Германия тарапы Александрдың анасы – Наталья Донцованы басты күдікті ретінде таныған. Ол Айгүл іс-түссіз кеткен күні Германиядан ұшып кеткен. Ал оған көлікті ұлы Александр шақырып берген. Қазірге дейін неміс полициясы ешкімді қамауға алмады.

Александр Донцов та бірнеше айдан кейін қызын алып, елден кетіп қалған.

Сотмедициналық сараптама нәтижесі

Мәйітке жүргізілген сараптамаға сәйкес, Айгүл Сайлыбаева біраз уақыт қан жоғалту салдарынан қайтыс болған. Мәйітінен беті, мойны және денесінен пышақ сұғылған, кесілген жарақат табылған.

«Айгүл қайтыс болғаннан кейін, оның үстіндегі киімін ауыстырған. Себебі өзеннен табылған кездегі киім мен алған жарақаттары бір-біріне сәйкес келмейді. Киімде қан іздері болмаған», – дейді адвокат.

Ал марқұмның туыстары өзенге мәйітті Наталья Донцованың жалғыз өзі тастағанына сенбейді.

Мәйітті Қазақстанға жөнелтумен айналысқан жерлеу қызметінен алынған фотода Айгүл Сайлыбаеваның шашы болмаған.

«Тінту барысында пәтер мен жертөледен Айгүлдің қан іздері табылған. Александр Донцовтың қан ізін көрмей қалуы мүмкін емес. Ал қызы баратын балабақша қызметкерлері Айгүлді соңғы рет 3 маусымда көрген. 4 маусымда Жаклинді балабақшаға әкесі алып барған», – дейді Мұхамади.

Қылмыстық іс тіркелді

Марқұм Айгүл Сайлыбаеваның егде жастағы ата-анасы немересімен байланыса алмай қалған. Донцовтар Ресейге көшіп, Жаклинге азаматтық рәсімдеген.

«Қазақстан аумағында Айгүлді қинау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Құрбыларынан жауап алынып, Донцовтар тарапынан алған жарақат фотолары ұсынылды», – дейді ол.

Айгүл Сайлыбаева – Қазақстан азаматы, Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, «Болашақ» бағдарламасы түлегі.