
2026 жылдан бастап Қазақстанда ипотека беру тәсіліне жаңа модель енгізіледі. Жылдық тиімді мөлшерлеме (ЖТМ) енді LTV коэффициентіне – несие сомасының тұрғын үй құнына қатынасына қарай дифференцияланады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, әдістеме екі параметрге негізделеді: бастапқы жарна көлемі және кредит мерзімі. Бастапқы жарнасы көп әрі қысқа мерзімге несие алатындар төмен мөлшерлемеге үміттене алады. Ал тұрғын үйдің негізгі құнын қарызға алып, ұзақ мерзімге рәсімдейтіндер үшін мөлшерлеме жоғары болады.
«Мысалы, мен 20 млн теңгеге пәтер сатып алғым келеді, оның 15 миллионын қазір төлеуге дайынмын. Тек 5 жылға ғана несие аламын. Мұндай кредит мен үшін де, банк үшін де тәуекелі төмен. Сондықтан маған осы тәуекел деңгейіне сәйкес мөлшерлеме қарастырылуы мүмкін. Техникалық детальдарды әдістеме толық әзірленген кезде айтамыз», – деді ол.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова да осы сөзді растады. Сөзінше, бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қарыз көлемі мен жылдық артық төлем азаяды. Бұл тиімдірек мөлшерлеме белгілеуге мүмкіндік береді. Реформаның мақсаты – қазақстандықтарды алғашқы жарнаға көбірек қаражат жинауға ынталандыру және кредиттік тәуекелдерді төмендету.
Жаңа әдістеме мен пайыздық мөлшерлемелердің нақты параметрлері 2026 жылғы 1 шілдеге қарай жарияланбақ.