Жаңалықтар

Сауда үйінде оқ атқан: Ресейде 34 жастағы қазақстандық ұсталды

тапанша пистолет
фото: shutterstock

Қазақстанның 34 жастағы азаматы Ресейде бұзақылық жасағаны үшін ұсталды. Ол Сочи қаласындағы «Квартал» сауда кешенінде әуеге оқ атып, жұртты дүрліктірген. Бұл туралы «Коммерсантъ» басылымы хабарлады.

Сауда кешеніндегі дабыл тетігін басқаннан кейін, оқиға орнына Ресей ұланының қызметкерлері мен кезекшіліктегі тәртіп сақшылары жеткен. Олар қоғамдық орында тәртіп бұзған адамды ұстап, полицияға тапсырған.

Кейін сауда үйіндегі дүйім жұртты шошытқан адам Қазақстан азаматы екені анықталды. Ол Retey PM тапаншасымен әуеге атқан, бірақ қару оқталмаған болып шықты. Күдікті уақытша тергеу изоляторына түсті. Қару тәркіленді. «Бұзақылық» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.

Көрші елде ұсталған қазақстандықтың аты-жөні аталмады.