Жаңалықтар

Қызылорда облысында ауа райына байланысты жол жабылды

Қызылорда облысында ауа райына байланысты жол жабылды / Фото: pixabay.com

Ауа райының нашарлауына байланысты Қызылорда облысында республикалық маңызы бар автожол учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды «Қазавтожол».

Ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылғы 25 желтоқсанда сағат 20:00-ден бастап «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» трассасының учаскесінде 1362-ден 1806-шы километрге дейінгі аралықта, яғни Арал қаласынан Қызылорда қаласына қозғалыс шектелген.

Сондай-ақ, компания осы учаскеде қозғалысты қалпына келтірудің болжамды уақыты 26 желтоқсанда сағат 07:00-ге жоспарланған деп хабарлады.

Осыған дейін 26 желтоқсанда Алматы мен Шымкентте қар жауып, ел аумағында -30 градусқа дейін аяз болады деп жазған едік.