
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың қаңтары үшін берілетін зейнетақы бір ай ерте түсетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде 2026 жылдың қаңтарының зейнетақы төлемдері 2025 жылдың 30 желтоқсанына дейін мерзімінен бұрын аударылатыны туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды», – делінген еңбек министрлігі таратқан ақпаратта.
Зейнетақы мен жәрдемақы төлеу бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.
«Индексацияны ескеріп, қаңтардағы зейнетақы төлемдері азаматтарға 2026 жылдың қаңтарында аударылады. Желтоқсанның зейнетақы төлемдері толық көлемде жүргізілді», – деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ министрлік жеке деректерді қорғау үшін хабарлама түрінде жіберілген сілтеме арқылы өтпеуге кеңес берді.
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен SMS-хабарлама арқылы, мемлекеттік органдардың ресми парақшалары арқылы таратылады.
Айта кетейік, 2026 жылы ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге болады.