Жаңалықтар

Астана тұрғыны балконнан 3 келіге жуық марихуананы лақтырмақ болды

Астана тұрғыны балконнан 3 келіге жуық марихуананы тастамақ болды / Фото: ІІМ

Ақмола облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды ІІМ.

Жедел қызметтің мәліметінше, Астананың 48 жастағы тұрғыны елорда аумағында есірткі таратқан деген күдікке ілінген. Заңсыз әрекеттің жолын кесу үшін полиция қызметкерлері облыс прокуратурасымен бірге оның тұрғылықты жері бойынша арнайы іс-шара өткізді.

Тінту барысында 57 орам, сондай-ақ, кептірілген марихуана салынған үш полиэтилен пакет тәркіленді. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 2 кг 887 грамм болды.

«Ұстау кезінде ер адам тыйым салынған заттардан құтылу үшін оларды терезеден лақтыруға тырысты, бірақ жедел уәкілдер есірткі заттарын тіркеп, алып үлгерді», — деп нақтылады полиция.

Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.