Жаңалықтар

Әзербайжан инвесторлары Абай облысында жаңа курорт салады

Абай облысындағы курорт
Фото: Абай облысының әкімдігі

Әзербайжан инвесторлары Абай облысында «Алакөл» сауықтыру кешенін салмақшы. Қазір құрылыс орны анықталып жатыр, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Сондай-ақ Шипалы көлінде балшықпен емдейтін санаторий салу көзделіп отыр. Эскиздік жобасы әзірленді, сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастайды. Одан бөлек «Abay Hospitality Group» ЖШС және «PanaComplexSemey» ЖШС Абай ауданының Жидебай аумағында этнокешенді визит-орталығын, «Тары» кафесін салуды жоспарлап отыр.

Жалпы алдағы үш жылда 87,4 млрд. теңгеге 48 жобаны іске асыруы керек.

Ал Семей қаласында «Shygys Mall» сауда ойын-сауық орталығының құрылысы жүріп жатыр. Биыл осы жылы көктемде аяқталып, пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Абай облысы курорт
Фото: Абай облысының әкімдігі

«Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында супермаркет, ойын-сауық орталығы және сауда бутиктері орналасса, екінші қабатта сауда бутиктері қызмет көрсететін болады. Жалпы орталықта 90 сауда орны болады. «Shygys Mall» сауда ойын-сауық орталығы іске қосылғаннан кейін 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады», – деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Былтыр облыс орталығы Семей қаласының көрікті жерлеріне арналған жаңа нұсқаулық шыққан еді. Ол «Сәлем, Семей» деген жинақпен жарық көрді.

2025 жылы облыстың туризм саласында 8,9 млрд. теңгеге 4 жоба іске қосылды. Оның қатарында «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласында 6,5 млрд теңгеге «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй – мейрамхана кешені салынып, былтыр Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілді. Нәтижесінде 107 жаңа жұмыс орны құрылды. Бесқарағай ауданы Старая Крепость аумағында 1 млрд теңгеге балық шаруашылығымен қатар қызмет көрсететін кешенді демалыс базасы іске қосылды. Жол бойындағы сервисті дамыту мақсатында өткен жылы «Семей-Павлодар» тас жолының бойында «Petro Retail» ЖШС жаңа Keruen Inn қонақ үйін ашты.