
Астанада президенттік арнаулы әдеби сыйлық пен «Айбоз – 2025» ұлттық әдеби сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалардың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер тек құқықтық емес, қоғамның рухани негізін нығайтатын маңызды қадам болып табылады.
«Бұл реформалар – елдің болашағын айқындайтын, қоғамдық сананы жаңғыртатын, азаматтар мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыратын түбегейлі бетбұрыс. Жаңа Конституцияда білім мен ғылымға, мәдениетке басымдық берілуі – мемлекетіміздің стратегиялық ұстанымын көрсетеді», – деді Аида Балаева.
Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың жеңімпаздары
Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл 49 жас автордың ішінен үздік шыққан келесі қаламгерлер марапатталды:
- «Проза» номинациясы: Арман Әлменбет («Тергеуші» шығармасы);
- «Поэзия» номинациясы: Саян Есжан («Құмдағы хикая» жинағы);
- «Драматургия» номинациясы: Бауыржан Мұстафиев («Ақ киіз» туындысы);
- «Балалар әдебиеті» номинациясы: Асылан Тілеген («Жазда атамның ауылында…» шығармасы).
«Айбоз – 2025» ұлттық сыйлығы
Сонымен қатар, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының қорытындысы жарияланды. Биыл байқауға 180 өтінім түскен. Жеңімпаздар проза, поэзия, балалар әдебиеті, драматургия, әдеби аударма, әдеби сын және комикс номинациялары бойынша анықталды.
Аида Балаева атап өткендей, ұлттың ұзақ мерзімді дамуы тек экономикамен емес, ең алдымен рухани қуаты мықты, озық ойлы ұлт қалыптастырумен байланысты. Бұл миссияда қаламгерлер қауымының рөлі ерекше.