
48 жастағы Мұхтар Қожаев Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы болып тағайындалды. Қожаевты департамент қызметкерлеріне Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің өзі таныстырған.
Ресми мәлімет бойынша, министр көшпелі кеңес өткізген. Кеңеске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысқан. Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс ерекше бақылауда екені айтылған.
Қожаев кім?

Қожаев бұған дейін ІІМ тергеу департаментінің басшысы болып жұмыс істеген. Шені – генерал-майор, «Айбын» орденінің иегері. 1999 жылы Алматы заң институтын бітірген. Ол Маңғыстау және Қостанай облысында құқық қорғау органдарында жоғары лауазымды қызметте болған.
Айта кетейік, 11 қаңтар күні 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп кеткен. Күдікті 2 күннен кейін ұсталған. Марқұмның туыстары Нұрайды күдікті еркінен тыс алып қашқанын, бұл туралы арызданғанымен полиция мен прокуратура әрекетсіздік танытқанына шағынған. Көп өтпей Қызылордада өткен құрылтайда президент бұл іске пікір білдірген. Кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы мен бірінші орынбасары және бірнеше лауазымды қызметкерлер жұмыстан босатылған. Бірнеше қылмыстық іс қозғалған.