2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан ЖІӨ-сі 3%-ға өсті

Жарияланды 14 Сәуір 2026 11:22

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

2026 жылдың үш айындағы ЖІӨ көлемі / фото: gemini generated

2026 жылдың алғашқы үш айы Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызды кезең болды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жыл басындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы сарапталды. Үкімет басшысы атап өткендей, қазіргі басты меже – шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібіне негізделген сапалы өсімге қол жеткізу.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сапалы әрі орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл міндет өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық белсенділікті арттыру және өндіріс орындарын технологиялық жаңғырту арқылы іске асырылуда», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

ЖІӨ динамикасы: тұрақтылық пен өсім көрсеткіштері

Соңғы үш жылдағы бірінші тоқсанның көрсеткіштерін салыстырмалы түрде қарасақ, ел экономикасының белгілі бір динамикалық қарқынды сақтап отырғанын байқауға болады.

Мәселен, 2023 жылдың алғашқы үш айында ЖІӨ өсімі 5,0%-ды құраса, 2024 жылы 3,8%, ал 2025 жылы рекордтық 5,6%-ға жеткен болатын. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 3,0% деңгейінде қалыптасты.

Көрсеткіштің негізгі салмағы шикізаттық емес секторға тиесілі. Құрылыс саласы 14,8%-ға, көлік қызметтері 12,8%-ға, ал өңдеу өнеркәсібі 8,5%-ға өсіп, экономиканың басты қозғаушы күштеріне айналды.

«Аталған кезеңде жалпы ішкі өнім нақты 3%-ға өсті. Бұл көрсеткіш шикізаттық емес сектордағы орнықты өсу есебінен қамтамасыз етілгенін айта кету керек. Күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан, осы сектор өзінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отыр», – деді премьер-министр.

Шикізат үлесінің қысқаруы

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан экономикасында тарихи құрылымдық трансформация жүріп жатыр. Мұнай секторының ЖІӨ-дегі үлесі 2010 жылғы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін, яғни екі есеге жуық қысқарған.

Бүгінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі (12,7%) екінші жыл қатарынан тау-кен өндірісінен басым түсіп келеді.

Айта кетейік, Қазақстан экспортының 50%-ы әлі де мұнайға байланған. Шикізатқа телмірген модель ел экономикасын сыртқы нарықтағы құбылыстардан қорғансыз етеді. Осы ретте Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеулеева алдағы 10 жылда елдің шикізатқа тәуелділігін төмендету үшін басымдық беруге тұрарлық бес саланы атаған болатын.


Сондай-ақ оқыңыз