
АҚШ-тың Әскери-теңіз флоты дүйсенбі (13 сәуір) күні бүкіл жағалау мен Иран порттарын оқшаулағанына қарамастан, осы аптада Америка мен Иран делегациялары келіссөз үстеліне қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы сейсенбі күні Reuters агенттігіне бес дереккөз хабарлады.
Өткен демалыста Иран мен АҚШ арасында өткен тікелей келіссөз әскери қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы қандай да бір келісімге қол қоюмен аяқталған жоқ.
Соған қарамастан, америкалық тарап диалогтың тоқтамайтынын мәлімдеді. Пәкістан Премьер-министрі Шехбаз Шариф те байланыстардың жалғасып жатқанын растады.
Келіссөздердің келесі кезеңі
Келіссөздерге қатысушы дереккөздің айтуынша, келесі раундтың нақты күні әлі белгіленбеген, бірақ Reuters дереккөзіне сенсек, келіссөз жүргізушілер Пәкістанға осы аптаның соңына қарай оралуы мүмкін.
АҚШ-тың талаптары мен Трамптың ұстанымы
Исламабадтағы делегацияны басқарған АҚШ Вице-президенті Джей Ди Вэнс дүйсенбі күні Fox News арнасына берген сұхбатында Америка тарапының бұл келіссөздерде үлкен ілгерілеушілікке қол жеткізгенін айтты.
Оның сөзінше, Вашингтон Тегеранға қай мәселеде жеңілдік жасауға болатынын, ал қай жерде қатаң ұстанымда қалатынын нақты көрсеткен.
Вэнстің айтуынша, Президент Трамп Ираннан бүкіл байытылған уранды шығару және Иранда ядролық қарудың жоқтығын растайтын бақылау жүйесін құруды қатаң талап етіп отыр. Вице-президент Тегеранның Вашингтонға қарай аз да болса қадам жасағанын атап өтті:
«Кейбір жақсы нышандар бар, бірақ бұл әлі де жеткіліксіз», – деді Вэнс.
Ормұз бұғазындағы бұғат
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы теңіз тасымалдаушыларына Оман шығанағы мен Ормұз бұғазының шығысындағы Арабия теңізін жабатынын ескертті.
Дегенмен, АҚШ флоты Иранға жатпайтын бағыттарға баратын немесе одан келетін бейтарап транзит кемелердің өтуіне кедергі жасамауға уәде берді.
Еске сала кетейік, АҚШ 13 сәуірде кешке Ормұз бұғазын бұғаттады. Ақ үй маңызды мұнай жолынан Иранның бірде-бір кемесін өткізбейміз деген болатын.