
2026 жылдың І тоқсанында доллардың арзандауы республикалық бюджет кірісіне кері әсер етіп, қазынаға түсетін қаржының 146 млрд теңгеге азаюына себеп болған. Есепті кезеңде бір доллардың орташа бағамы болжамды 540 теңгенің орнына 497,7 теңгені құраған. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, теңгенің нығаюы мен валюта айырмашылығы бюджет кірісі үшін тежеуші факторға айналған.
Жалпы алғанда, мемлекеттік бюджет кірісі трансферттерді есептемегенде 6,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 931 млрд теңгеге немесе 17%-ға артық.
Республикалық бюджет 4,2 трлн теңгеге атқарылса, жергілікті бюджет жоспардан 193 млрд теңгеге асыра орындалып, 2,3 трлн теңге түсім әкелді. Салық түсімдері де оң динамика көрсетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 20%-ға немесе 1 трлн теңгеден астам сомаға өсті.
Мәселен, импорттық тауарларға салынатын ҚҚС түсімдері 165 млрд теңгеге артып, оның ішінде мөлшерлеменің өсуі есебінен 80 млрд теңге қосылды.
Министрдің айтуынша, валюта бағамының теріс әсеріне қарамастан, салық пен кеден есебінен бюджетке 137,6 млрд теңге қосымша қаражат түскен.
Бюджетке мұнай нарығындағы жағдай да әсер етті: бірінші тоқсанда мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 долларды құрады. Қолданыстағы жүйе бойынша мұнай бағасының өсуі негізінен Ұлттық қорға бағытталса, республикалық бюджетке мұнай экспортынан түсетін кеден бажы арқылы қосымша 40,5 млрд теңге түсті.
2026 жылдың үш айында мемлекеттік бюджетке түскен салық артқан.