
Биыл Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Көлік министрлігінің дерегінше Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай мен Зайсан, сондай-ақ Маңғыстаудағы Кендірлі демалыс аймағында үш жаңа әуежайдың құрылысы аяқталады.
Бұл туристер үшін жол сапарын жеңілдетіп, шалғай өңірлерге ұшақпен жетуге мүмкіндік береді.
Бюджеті қандай?
Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы жаңа әуежайлар жобасының құны 117,7 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы 19 ақпанда өткен Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеген.
Әуе паркін жаңарту
Жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету үшін әуекомпаниялар өз паркін жаңа ұшақтармен толықтырып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін 9 жаңа әуе кемесін сатып алу жоспарланған.
Жыл басынан бері жоспарланған 9 ұшақтың үшеуі елге жеткізілді:
- Air Astana – 1 ұшақ;
- SCAT Airlines – 2 ұшақ.
Саланың жалпы көрсеткіші қандай
Авиация саласындағы жаңалықтар жолаушылар тасымалының артуына тікелей әсер етті. Биылғы үш айдың ішінде жалпы көлік саласында (автобус, темір жол, әуе және т.б көлік құралдары) жолаушылар саны 9,3%-ға өсіп, 483,7 млн адамға жеткен.
Еске сала кетейік, жақында SCAT әуекомпаниясының флотын толықтырған екі жаңа Boeing 737 MAX 8 әуе кемесі Шымкент – Астана – Шымкент бағыты бойынша алғашқы тұрақты рейстерін орындай бастады.