
Қазақстандықтар несиені ойланып алатын болған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
«Несие беру қарқыны қатты төмендеді. Былтырғы жылдармен салыстырғанда тұтынушылық несиелерді беру көрсеткіші жыл сайын 30 пайыздан асатын. Қазір 6-7 пайыздан аспайды.
2025 жылы сол деңгейде қалыптасты. Жыл басынан беру осындай үрдіс қайта жалғасын тапты. Тұтынушылық несиелерді беру саны азайды. Оның негізгі себебі – сапалы шешім қабылдау. Мысалы, сізде несие бойынша микроқаржы ұйымдарында төлем мерзімі 1 күннен асса немесе банктерде 30 күннен асса, сол кезде несие берілмейді», – дейді Әбілқасымова.
Айтуынша, қарыз алушылардың бірнеше санаты енгізілген.
«Жоғары тәуекелдері бар қарыз алушылардың санатын енгіздік. Оларға да кредит берілмейді», – дейді агенттік төрағасы.
Айта кетейік, елде 5 жылдан бері несиесін төлемей жүрген жарты миллион адам бар. Алайда олар өзін банкрот деп жариялауға өтінім бермеген.