
АҚШ президенті Дональд Трамптың Truth Social желісіндегі жазбасынан кейін Иран, АҚШ және Израиль арасындағы бітім әзірге сақталып тұр. Негізі бұл келісімнің мерзімі осы сәрсенбіде аяқталуы тиіс еді.
BBC-дің мәліметінше қазір ашық соғыс қимылдарының орнына Ормұз бұғазында «кемелерді қоршау соғысы» жүріп жатыр. Екі жақ та бір-бірінің сауда кемелерін ұстап, басып алу арқылы күш көрсетуде. Әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірінде жағдай өте шиеленісті, кез келген сәтте бақылаудан шығып кетуі мүмкін.
Пәкістанның делдалдық әрекеті
Исламабад қаласы әлі де Иран мен АҚШ өкілдерінің келіссөзге келуін күтіп отыр. Қаланың бір бөлігі қоршауға алынған, келіссөз өтетін қонақүйлер бос тұр.
Бірнеше күндік күтуден кейін халықтың көңіл-күйі де өзгерді. Осы аптаның басында әскери базаға қонған алып C-17 Globemaster ұшақтары туралы қауесеттер басылды. Пәкістан билігі бұл қақтығыста бітімгер (ара ағайын) болу мүмкіндігінен айырылып қалуымыз мүмкін деп қауіптене бастады. Бірақ Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф мәселені келіссөз арқылы шешуге барын салатынын мәлімдеді.
Трамптың жоспары және Иранның күмәні
Дональд Трамп жақын күндері келісімге келу мүмкін екенін айтты. Мүмкін, ол келесі дүйсенбіде (27 сәуір) Вашингтонға келетін Ұлыбритания королі Карлдың сапарына дейін немесе өзінің Қытайға сапарының алдында «Иран мәселесін» шешіп тастағысы келетін шығар.
Алайда Иран делегациясы Исламабадқа ұшуға асығар емес. Тегеран АҚШ-ты «берген уәдесін бұзды» және «тұрақсыз әрекет етті» деп айыптайды. Трамптың бірде қоқан-лоқы көрсетіп, бірде татуласуды ұсынуы жағдайды қиындатып жіберді. Сондай-ақ, Иран өткен жолы екі рет келіссөзге келгенде, Израиль мен АҚШ тарапынан соққыға жығылғанына шағымданады.
Иран билігіндегі ішкі жағдай
Трамп өз жазбасында Иран режимінің ішінде «үлкен іріткі» бар екенін айтты. Бұл Вашингтонның Иранда нақты кіммен сөйлесу керек екенін түсінбей отырғанын көрсетсе керек.
Иранның бұрынғы басшылығының көбі кеткеннен кейін, «Қазір Иранды нақты кім басқарып отыр» деген сұрақ сарапшылар арасында үлкен талас тудыруда. Осы ішкі алауыздық дипломатиялық қарым-қатынасты одан сайын қиындатып жіберді. Оның бірден бір көрінісі сейсенбі күні Иран тарапының келісім туралы тым кеш жауап беруінен байқауға болады.