
«Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз» және «TotalEnergies» компаниялары Жамбыл облысында «Мирный» атты қуатты жел электр станциясын салу үшін 1,2 миллиард доллар инвестиция бөлуге келісті. Бұл жоба 2028 жылдың соңына қарай іске қосылып, еліміздің оңтүстік аймақтарын электр жарығымен тұрақты қамтамасыз етуге көмектеседі.
Станция тек электр өндіріп қоймай, оны сақтайтын арнайы заманауи жүйемен де жабдықталады. Бұл қадам «ҚазМұнайГаздың» экологияны қорғау және «жасыл» энергияға көшу жоспарының басты бөлігі деп есептеледі, сондай-ақ Жамбыл облысының экономикасына үлкен пайда әкелмек.
Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында да энергетикалық әлеуетін арттыратын жаңа ауқымды жоба қолға алынды. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі – 1,2 млрд доллар. Енді Екібастұз қаласының маңында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысы басталады.