Азаматтық қоғамның дамуына еңбегі сіңген Бақыт Түменова дүниеден өтті

Жарияланды 29 Сәуір 2026 17:03

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Құқық қорғаушы Бақыт Түменова
Бүкіл ғұмырын денсаулық сақтау саласын жақсартуға арнады / фото: Бақыт Түменованың жеке мұрағатынан

Белгілі дәрігер, қоғам қайраткері Бақыт Түменова 78 жасында дүние салды. Ұзақ жылдар бойы «Амансаулық» қоғамдық қорын басқарған белсенді Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуына көп үлес қосты.

Азалы хабар

Түменованың дүниеден өткені туралы азалы хабарды алғашқылардың бірі болып азаматтық белсенді Рафаэль Гасанов Facebook-тегі парағында естіртті.

«Түменова Бақыт Ниязбекқызы, «Аман-Саулық» қоғамдық қорының президенті, 78 жасында дүниеден өтті», – деп жазды ол.

Гасанов марқұмның қоғамға сіңірген еңбегін атап өтті.

«Ол бүкіл ғұмырын қоғам денсаулығына, аурудың алдын алуға, денсаулыққа деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға арнады», – деді азаматтық белсенді.

Ірі тұлға

Түменова 30 жылдан астам уақыт дәрігер болып істеген. Кейін мемлекеттік қызметтен кетіп, азаматтық қоғамға белсенді түрде араласты.

«Аман-Саулық» қоғамдық қорының негізін қалап, ұзақ жылдар бойы соны басқарды. Үкіметтік емес ұйымдардың кездесулері мен талқылауларына жиі қатысты. Денсаулық сақтау реформасын жүргізуге атсалысты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар құқығын қорғады. Әйелдердің қоғамдағы белсенділігін қолдады.

Бұған қоса, Түменова дәрігер тапшылығы, емхана жұмысы мәселелерін көтеріп, министрлердің жиі ауысуы салдарын сынады.

Kursiv.Media ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.

Сондай-ақ оқыңыз