
Елдегі қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талап қатаңдамайды. Ақпаратты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті растады.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрінің №34 бұйрығына сәйкес «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Ішінде балалар санаторийлері мен сауықтыру ұйымдары, сондай-ақ білім беру және тәрбиелеу объектілері асханаларының ауданы қандай болуы керек екені нақтыланды.
«Алайда кафелер мен мейрамханалар, қоғамдық тамақтану объектілері алаңдарының нормалары өзгеріссіз қалды», – деп нақтылады комитет.
Осылайша 2026 жылдың шілдесінен бастап қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын талаптарды қатаңдату туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Айта кетейік, елде бір жылда 73 мейрамхана пайдалануға берілген. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, қаңтар-желтоқсан аралығында ашылған мейрамханалар 20 048 адамға лайықталған.