
Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1,208 трлн теңгеге 84 853 ипотекалық несие рәсімделді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Несие көлемі және өңірлер бойынша көрсеткіш
Ең көп несие Астана қаласында берілген. Мұнда 31 270 несие рәсімделіп, жалпы сомасы 507,7 млрд теңгеге жеткен.
Алматы қаласында 18 201 несие 294,2 млрд теңгеге рәсімделген. Мегополис бұл бағдарлама аясындағы ипотекалық несиелеу көлемі жағынан екінші орында тұр.
Шымкент қаласында 6 709 несие 91,3 млрд теңге көлемінде берілген. Қалған бөлігі еліміздің басқа өңірлеріне тиесілі.
Бағдарлама шарттары
«7-20-25» бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 7% (ЖТСМ – 7,2%) деңгейінде белгіленген. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 20%-ын құрайды.
Тұрғын үйдің ең жоғары құны ірі қалалар үшін 30 млн теңгеге дейін, Қарағанды үшін 25 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 20 млн теңгеге дейін белгіленген.
Несиенің максималды мерзімі 25 жыл. Несие беру және қызмет көрсету үшін комиссия алынбайды.
Қарыз алушыларға қойылатын талаптар
Бағдарламаға қатысу үшін Қазақстан азаматтығы болуы қажет. Сондай-ақ соңғы 18 айда өз атында тұрғын үй болмауы тиіс.
Қарыз алушының расталған табысы болуы және қолданыстағы ипотекалық несиесі болмауы керек. Бағдарламаға қайта қатысуға рұқсат етілмейді.
Бағдарламаның операторы – Қазақстанның тұрақтылық қоры. Несиелер серіктес банктер арқылы рәсімделеді, олардың қатарында Банк ЦентрКредит, Halyk Bank, ForteBank және басқа да банктер бар.
Осыған дейін, Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов ипотека мөлшерлемесіне қатысты жаңа реттеу шаралары әзірленіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, 1 шілдеден бастап ипотека бойынша төмендегідей шекті мөлшерлемелер бекітіледі. Егер ипотеканың бастапқы жарнасы 30%-дан асатын болса, шекті мөлшерлеме 20%-дан аспауға тиіс.