Салымшылар лицензиясынан айырылған банктерден ақшасын әлі де қайтара алады

Жарияланды 4 Мамыр 2026 14:55

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Коллаж: kursiv.media архиві

Жұмысын тоқтатқан банктен депозитін алып үлгермеген қазақстандықтар әлі де қаражатын қайтара алады. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры еске салды.

Қор мәліметінше, Qazaq Banki, Delta Bank, Астана Банкі, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan бойынша төлемдер толық аяқталған.

Заң бойынша лицензиясынан айырылған банктің салымшылары төлем басталған күннен бастап, бір жыл ішінде кепілді өтем алуға өтініш беруге құқылы.

«Осы мерзім аяқталған соң, талап етілмеген ақшалар депозиторлардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады. Мұндай аударым автоматты түрде жүзеге асырылады және салымшылар тарапынан өтініш беру талап етілмейді. Бұл ретте қаражаттың БЖЗҚ-ға аударылуы депозиторды дәлелді себептері болған жағдайда өтем алу үшін ҚДКБҚ-ға тікелей өтініш беру құқығынан айырмайды», – деп түсіндірді КДКҚ-да.

Кепілді өтемді қандай жағдайда алуға болады

Егер салымшы дәлелді себептерге байланысты уақытылы өтініш бере алмаса, төлем мерзімі өткеннен кейін де кепілдік өтемақыны алу құқығы сақталады. Мұндай себептерге төмендегідей мән-жайлар жатады:

  • әскери қызметке кіру;
  • Қазақстан аумағынан тыс жерде болу;
  • мұраны қабылдау немесе рәсімдеу;
  • жазасын өтеу орындарында болу;
  • сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Бұл себептердің әрқайсысы құжат жүзінде расталуға тиіс. Мысалы, мұра рәсімдеу кезінде салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік пен мұрагерлік құқығын растайтын құжаттар қажет. Егер адам шетелде болған болса, паспорттағы белгі немесе өзге де растайтын құжаттар ұсынылады. Ал басқа жағдайларда – сот шешімі талап етіледі.

Өтінішті Алматы немесе Астана қалаларындағы ҚДКБҚ кеңселеріне жеке барып тапсыруға болады. Сондай-ақ құжаттарды пошта арқылы жіберуге мүмкіндік бар, бірақ бұл жағдайда құжат көшірмелері мен өтініштегі қол нотариуспен куәландырылуы қажет.

«ҚДКБҚ құжаттардың толық пакетін 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Егер шешім оң болса, қаражат өтініш берушінің банктік шотына аударылады», – деп түсіндірді қор өкілдері.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры осындай өтініштер бойынша 40 салымшыға жалпы сомасы 60,2 млн теңге төледі. Көп жағдайда азаматтар мұраны рәсімдеу кезінде мерзімді өткізіп алады. Мұндай жағдайлар барлық өтініштердің 80%-ын құрайды.

Еске салсақ, қазақстандықтардың депозитте жинаған қаржысы 2026 жылдың наурызында 26,2 трлн теңгені құрады. Жыл басында 26,1 трлн теңгеден 25,9 трлн теңгеге азайып кеткен депозиттер кейінгі екі айда аз ғана өсім байқатты.

Сондай-ақ оқыңыз