
Air Astana 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша есеп берді. Компанияның кірісі өткен жылмен салыстырғанда 13,2%-ға өсіп, 331 млн долларды құрады. Бұл ретте ұшақтардың жалпы сыйымдылығы өзгермеген, ал жолаушылар саны керісінше 3,3%-ға азайып, 1,95 млн адам болған.
Бір қарағанда, жағдай жаман емес. Ұсынылған орындар саны небәрі 0,7%-ға өссе де, ақылы жолаушы айналымы 3,0%-ға артқан. Ұшақтардың толу көрсеткіші де өткен жылғы 81,5%-дан 83,3%-ға дейін көтерілді. Яғни компания қолда бар шектеулі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, сұранысты сақтап қала алды.
Қозғалтқыш мәселесінің әсері
Компания бұл қиындықтарды Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты жалғасып жатқан мәселелермен байланыстырады. Ұшақтардың мәжбүрлі түрде жерде тұрып қалуы шығындардың көбеюіне және компания экономикасына қысым түсуіне әкеп соқты.
Наурыз айындағы жандану
Дегенмен, наурыз айы айтарлықтай сәтті болды. Ұшақтардың толуы жоспардан 9%-ға асып түсті, ал орташа билет бағасы болжанғаннан 10%-ға жоғары болды. Бұған Рамазан мен Наурыз мейрамдарындағы жоғары сұраныс және наурыздан бастап жанармай алымының енгізілуі көмектесті.
Халықаралық бағыттар мен Қытай нарығы
Air Astana стратегиялық тұрғыдан табысы жоғары халықаралық бағыттарға көбірек көңіл бөле бастады. Халықаралық тасымал 12,8%-ға өссе, ішкі рейстер 8,7%-ға азайған. Парсы шығанағындағы жағдайға байланысты Доха, Дубай, Жидда бағыттары тоқтатылған соң, компания ұшақтарын тез арада Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Үндістан мен Еуропаға бағыттады.
Қытай нарығына ерекше басымдық берілуде. Наурыз айында Алматыдан Шанхайға тікелей рейс ашылды. Қазір Қытайға 6 бағыт бар, ал рейстер саны аптасына 11-ден 23-ке дейін өсті. Маусымның соңына қарай Air Astana мен FlyArystan рейстер санын аптасына 50-ге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Жанармай мен қаржылық жағдай
Компания авиакеросиннің 70%-ын Қазақстан ішінде тікелей зауыттардан сатып алады. Қалған 30%-ы шетелден алынады. Шетелдік жанармай бойынша компания бағаның құбылуынан алдын ала сақтанған (хеджирлеу), сондықтан бұл жағынан қауіп төмен.
Компанияның қаржылық жағдайы әзірге тұрақты. Қолда 442 млн доллар қаражат бар. Борыштың пайдаға қатынасы (Net Debt/EBITDAR) 1,9 есеге дейін өскенімен, бұл көрсеткіш әлі де қалыпты шектен аспаған.
Еске сала кетейік Қазақстандық әуе компаниялары Араб әмірліктеріне рейстерін бастаған жоқ. FlyArystan жаздың соңына дейін Дубайға рейстерін тоқтатты, ал Air Astana 31 мамырға дейін Дубайға ұшпайды