АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге жақындады

Жарияланды 6 Мамыр 2026 15:49

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ пен Иранның келісімі / фото: gemini AI

Reuters агенттігі Пәкістандағы дереккөздерге сүйеніп АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге келуге өте жақын екенін хабарлады. Екі ел Парсы шығанағындағы қақтығысты доғару үшін арнайы құжатқа (меморандумға) қол қоюды жоспарлап отыр.

Келісім 14 тармақтан тұрады. Оны дайындауға АҚШ тарапынан Стив Виткофф пен Джаред Кушнер қатысқан. Келісім бойынша Иран ядролық бағдарламасын (уран байытуды) тоқтатады, ал АҚШ оларға салынған санкцияларды алып тастап, бұғатталған миллиардтаған долларын қайтарып беруге тиіс. Сондай-ақ екі жақ та Ормұз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуіне рұқсат береді.

АҚШ Президенті Дональд Трамп бұған дейін басталған «Бостандық жобасы» атты әскери миссияны тоқтатты. Ол бұл қадамын келіссөздерде үлкен ілгерілеу болғанымен түсіндірді. Дональд Трамп әлеуметтік желіде келісімге нақты қол қою үшін әскери қимылдарды қысқа уақытқа үзе тұруға келіскенін жазды.

Иран ақпан айынан бері Ормұз бұғазын жауып тастаған болатын. АҚШ-тың кемелерді күшпен өткізбек болған әрекетінен ештеңе шықпай, керісінше Иран тарапынан шабуылдар көбейіп кеткен. Енді алдағы 30 күн ішінде екі ел нақты мәмілеге келуі керек. Егер келіссөздер сәтсіз аяқталса, АҚШ блокаданы қайта бастауы мүмкін.

Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи де елі әділ келісімді қалайтынын айтты. Ол көрші елдермен, соның ішінде Сауд Арабиясымен де сөйлесіп, аймақтағы жағдайды ушықтырмай, бейбіт жолмен шешуге тырысып жатыр.

Айта кетейік, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ-тың Иранға қарсы «Эпикалық қаһар» операциясының аяқталғанын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз