Авиаотын тапшылығы салдарынан алпауыт әуе компаниялары мыңдаған рейсті қысқартты

Жарияланды 6 Мамыр 2026 09:49

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Әуе компаниялары рейтерді қысқартып жатыр / Фото: shutterstock

Әлемдік авиация саласы соңғы жылдардағы ең ауыр дағдарысқа тап болып, мамыр айында жоспарланған мыңдаған рейсті тоқтата бастады. Бұл дағдарыстың басты себебі – Иран қақтығысына байланысты туындаған авиаотын тапшылығы. Бұл туралы Euronews басылымы жазады.

Жаһандық мұнай тасымалының бестен бір бөлігін қамтамасыз ететін Ормұз бұғазының жабылуы отын бағасын екі есе қымбаттатып, әуе тасымалының экономикалық тиімділігіне соққы берді.

Cirium сараптамалық компаниясының деректеріне сүйенсек, соңғы екі апта ішінде авиакомпаниялар мамыр айындағы кестеден 13 мыңға жуық рейсті алып тастап, жалпы сыйымдылықты 2 миллион орынға қысқартқан.

Бұл жағдай, әсіресе, мамырдағы жемалысын шетелде өткізуді жоспарлаған отбасылар үшін үлкен кедергіге айналды. Lufthansa, British Airways, Turkish Airlines және KLM сияқты ірі еуропалық тасымалдаушылар отынды үнемдеу мақсатында тиімсіз бағыттарды жауып, үлкен лайнерлерді шағын ұшақтармен алмастырып жатыр.

Мәселен, Германияның Lufthansa компаниясы жазғы кестесінен 20 мыңға жуық қысқа қашықтықтағы рейсті алып тастауға мәжбүр болған.

Ол билет бағасының өсуіне ғана емес, сонымен қатар жолаушылардың басқа күндерге қайта тіркелуіне, сәйкесінше демалыс мерзімдерінің еріксіз қысқаруына әкеп соғып жатыр.

Мемлекеттік деңгейдегі реттеушілер де бұл жағдайға араласа бастаған. Ұлыбританияның көлік министрі Хайди Александр әуе компанияларына жеңілдік жасап, рейстерді тоқтатқаны үшін әуежайлардағы стратегиялық слоттарынан айырылмауға мүмкіндік беретін ереже енгізді.

Бұл ереже тасымалдаушыларға айыппұлсыз қысқарту жасауға жол ашқанымен, жолаушылар үшін алдағы жаз маусымының өте тұрақсыз әрі қиын болатынын айқын аңғартады.

Қазір авиация саласы тек шығындарды азайтуды ғана емес, қолда бар ресурстармен ең танымал бағыттарды сақтап қалуды басты мақсат етіп отыр.

Бұған дейін Қытайдың әуе компаниялары бірқатар рейтерді қысқартатының мәлімдеген. Тіпті Солтүстік Американың ең ірі лоукостері Spirit Airlines әуе компаниясы өз қызметін тоқтатпақ.

Сондай-ақ оқыңыз