
Қазақстанда топырақты қорғау мен оны ұтымды пайдалануға арналған жеке заң пайда болады. Бұл құжат жердің тозуын азайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болады. Осыған орай мәжіліс «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасын Мәжілістің жалпы отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов таныстырды.
Заң жобасы туралы
Құжаттың басты мақсаты – топырақты қорғау, оның құнарлығын сақтау және арттыру, сондай-ақ жердің тозуына жол бермеу үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыру.
Бұл ретте құжат жерді алып қою мәселелерін реттемейді, бірақ олардың сапасын сақтауға және одан әрі нашарлауына жол бермеуге бағытталған бірқатар талаптарды енгізеді.
Жер емес, топыраққа басымдық беріледі
Заң жобасында «топырақ» ұғымы нақты анықталып, ол «жер» түсінігінен бөлек қарастырылады. Бұл топырақты қорғау мен ұтымды пайдалану бойынша жеке шараларды бекітуге мүмкіндік береді.
Жергілікті органдардың жауапкершілігі
Жергілікті атқарушы органдар топырақты қорғау бойынша өңірлік жоспарлар әзірлеп, олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің басым бағыттары белгіленеді, Бұл ғылыми жұмыстардағы қазіргі бытыраңқылық пен жүйесіздікті жоюға тиіс.
Шаруалар топыраққа зияны аз техниканы қолдануға міндетті
Құжатқа сәйкес, ауыл шаруашылығында топыраққа зияны аз технологиялар қолданылуға тиіс. Сондай-ақ ауыспалы егіс енгізіліп, тыңайтқыштар ғылыми негізде пайдаланылуы қажет. Ал зиянды химиялық заттардың шамадан тыс жиналуына жол берілмейді. Бұдан бөлек, топырақтың жағдайына қарай кейбір дақылдарды өсіруге шектеулер қойылуы мүмкін.
Топырақты қорғау шаралары
Заңда топырақты су басу, батпақтану, тұздану, құрғау, тығыздалу және жалпы тозу сияқты қауіптерден қорғау шаралары қарастырылған. Сонымен қатар тозған жерлерді қалпына келтіру міндеттеледі.
Заманауи технологиялар қолданылады
Топырақ жағдайын бақылау үшін жасанды интеллект технологиялары, жерді қашықтан зондтау деректері және арнайы карталар пайдаланылады. Ол топырақ деградациясын алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жерді бөлу кезінде жемқорлықтың негізгі себебі, әкімдіктерде шешімді адамдардың өзі қабылдауында екенін айтқан болатын. Бірақ ол әкімдерді бірден шешім қабылдау құқығынан айыру қажет деп санамайды. Оның пікірінше, жерге қатысты барлық процесті толықтай цифрлық жүйеге көшіру жеткілікті. Егер өтініш беру мен шешім қабылдау автоматтандырылса, жемқорлық өздігінен жойылады.