
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан халқы нақты табыстың өсуін қашан сезіне алатынын және үрдіс неге кешігіп жатқанын түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, экономикалық өсім халықтың қалтасына белгілі бір уақыттан кейін ғана жетеді.
Министр экономикалық өсімді бірінші кезекте елдегі тауар мен қызмет өндірісінің көлемімен байланыстырады. Алайда бұл көрсеткіштер әрдайым халықтың табысына тікелей әсер ете бермейтінін айтты.
Мәселен, мұнай секторында өндіріс көлемі 13,4%-ға артқанымен, әлемдік нарықта қара алтынның бағасы 14,4%-ға төмендеп кеткен.
«Яғни, өндіріс көлемі өскендіктен ЖІӨ де өсті, бірақ іс жүзінде бұдан үлкен экономикалық тиімділік ала алмадық», – деп түсіндіреді Серік Жұманғарин.
Шикізат өндіретін алпауыт компаниялар да жалақыны өсіру мәселесіне өте сақ қарайды.
«Кейбір компаниялар жалақыны тіпті инфляция деңгейінен де төмен мөлшерде көтерген. Бұл мәселе тікелей халықаралық нарықтағы ахуалмен басланысты», – дейді министр.
Бюджет саласындағы ахуал
Жалақы мәселесі мемлекеттік секторды да айналып өткен жоқ.
«Жасырмай-ақ қояйын, біз де жалақыны өсірген жоқпыз. 2025 жылы бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілмеген, тек мемлекеттік қызметшілердің төменгі санаттарына ғана аздап қосылған. 2026 жылдың бюджетінде де жалақыны жаппай өсіру қарастырылмағандықтан, миллионнан астам адам табыс өсімін әзірге сезіне алмай отыр», – дейді вице-премьер.
Сондықтан экономикалық өсім халыққа белгілі бір кешігумен жетеді.
Болашаққа болжам қандай
Министр үкімет жағдайды реттеуге көшкенін айтты. Салық реформасынан түскен қосымша 2 триллион теңгенің жартысы нақты сектор мен бизнеске бағытталған.
«Өткен жылы халықтың нақты табысы 1,1%-ға төмендесе, биыл мұндай болмайды деп ойлаймын. Плюстік аймаққа өтеміз», – дейді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, халықтың нақты табысы жыл сайын кем дегенде инфляциядан 2-3%-ға артық болуға тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Жұманғарин ең төменгі жалақы мөлшері қашан өсетінін айтқан еді.