
«Соғыс әйелдің бейнесі емес» – осыдан 43 жыл бұрын жарияланған, соғыс жайлы ең шынайы жазылған еңбектің бірі. Авторы Светлана Алексиевич – әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты. Документалды-әдеби еңбекте Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жүздеген әйелдердің естелігі жиналған. Ұзақ жылдар бойы ресми пропаганда Ұлы Отан соғысындағы тек «батырлық пен жеңісті» ғана сипаттап, оның екінші жағын елеусіз қалдырып келді.
Бұл кітап сол жеңістің артында тұрған ауыр қайғыны, қарапайым жауынгердің уайымы мен ішкі эмоциясын, тұрмысы арқылы соғыстың нағыз трагедиясын көрсетуге тырысады. Автор Светлана Алексиевичке естелігін бөліскен әйелдер майдандағы және майданнан кейінгі өмірі жайлы сыр шертеді. 9 мамыр Жеңіс күнінің қарсаңында сол кітаптан кейбір үзінділерді қазақша аударып ұсынып отырмыз.
«Соғыстан кейін шалбар киюден жиіркенетін болдым»
Клара Гончарова, қатардағы жауынгер, зенитші: «Соғысқа дейін барлық әскери нәрсені жақсы көретін едім. Авиациялық училищеге хабарласып, қабылдау ережесін сұрағанмын. Әскери форма жарасатын еді. Сапқа тұрғанды, нақтылықты, бұйрық берілген дауысты жақсы көретінмін. Бірақ училище оныншы сыныпты бітірген соң келіңіз деп қабылдамады. Әрине, бұл түріммен соғыс басталғанда да тыныш отыра алмадым. Бірақ майдан шебіне бірден алмады, әлі он алтыдамын. Соғыс басталмай жатып, балаларды қабылдасақ жауымыз біз туралы не ойлайды дейтін әскери комиссар… Мен бойым ұзын, ешкім он алтыда деп ойламайды деп көндіруге тырысамын. Кабинетінен шықпай қойдым. Он алты емес он сегіз деп жазыңыз», – дедім…
Бірақ соғыстан кейін бірде-бір әскери мамандықпен жұмыс істей алмадым. Үстімдегі барлық әскери форманы тезірек шешіп тастағым келді. Қарапайым, әйелдің киіміне қызықтым. Әлі күнге дейін шалбардан жиіркенемін. Орманға саңырауқұлақ теруге барсам да кимеймін, кигім де келмейді. Жасыл түсті де, әскери түсті де жақсы көрмеймін. Соғыстан кейін бәрі ұмтылды…
Наталья Сергеева, қатардағы жауынгер, санитарка: «Біз отбасымызда сегіз бала едік, алғашқы төртеуі қыз, мен ең үлкенімін. Соғыс жүріп жатыр, немістер Мәскеу түбінде. Бір күні әкем жұмыстан келіп жылап отыр. «Мен басында алғашқыларым қыз болды деп қуанып едім.. Қалыңдықтар деп.. Ал енді әр үйден бір адам майданға кетіп жатыр, ал бізден ешкім жоқ. Мен қартайдым, алмайды, сендер қызсыңдар, ұлдар кішкентай», – деді.
Бұл жағдайға отбасымыз қатты қайғырды. Кейін медбикелер курсын ұйымдастырғанда әкем әпкем екеумізді сонда апарды. «Жеңіс үшін қолымнан келері, берерім осы… Менің қыздарым…», – деді.
«Алғаш рет адам өлтірдім»
Клавдия Крохина, аға сержант, снайпер: «Бірінші рет адам өлтіргенім есімде. Бәріміз бұғып жатырмыз. Байқаймын, бір неміс ақырындап көтерілді. Шүріппені басып қалдым, құлады. Білесіз бе, денем дірілдеп, қалшылдап кеттім. Жылап жібердім. Жаттығуда нысанаға атқанда ешнәрсе емес, ал мына жерде.. Қалай ғана адам өлтірдім дедім өзіме?
Бірақ кейін бәрі басылды. Қалай болды десеңізші? Шығыс Пруссияда кішкентай ауылдың жанынан өтіп бара жатқанбыз. Көшенің бойында барак па әлде үй ме, сондай бірнәрсе тұрды. Іші жанып кеткен, қап-қара көмір. Сол қара көмірдің арасында адам сүйегі шашылып жатыр. Арасында бес жұлдыз бар. Біздің жараланған солдаттар шығар, әлде тұтқындар ма жанып кеткен. Міне, содан кейін қанша өлтірсем де аяушылық сезімі қайта оянған жоқ. Сол жанған сүйектерді көргенде өз-өзіме келе алмадым, ішімде тек ашу мен кек қалды.
Майданнан аппақ болып келдім. Жасым жиырма бірде, шашым аппақ. Жарақаттанғанмын, контузия, бір құлағым нашар естиді. Бауырым соғыста қайтыс болды. «Сенің келетініңе сенгенмін. Сен үшін күні-түні дұғада болдым», – деп анам ғана қарсы алды.
Мария Ивановна, снайпер: Біздің барлаушылар бір неміс офицерін қолға түсірді. Оның басқаруындағы бөлімнен көптеген солдат өлген, барлығының басына оқ тиген. Әлгі офицер бұлай болуы мүмкін емес деп таңғалды. «Менің сонша солдатымды қырған атқышты көрсетіңдерші. Біз жаңа құраммен толығып жатқан едік, бірақ соның өзінде күніне он адамнан айырылып отырдық», – деп сұрады. Бірақ полк командирі көрсете алмады. «Өкінішке орай, сізге таныстыра алмаймын. Ол снайпер қыз еді, бірақ қайтыс болды»,- деді командиріміз. Саша Шляхова еді. Снайперлердің тартысында мерт болды. Құрбан еткен – мойнындағы қызыл шарф. Сол шарфын өте қатты жақсы көретін. Бірақ ақ қардан бірден көрінеді, байқалады… Тұтқынға түскен неміс офицері солдаттарын өлтірген снайпердің қыз екенін естігенде басын төмен түсіріп, не айтарын білмей отырып қалды.
…. Осыдан сегіз жыл бұрын ғана біз Маша Алхимованы (соғыстағы серігі – ред.) таптық. Артиллериялық дивизия командирі жарақат алып, соны құтқару үшін барған. Тура алдынан снаряд жарылған екен. Командир қайтыс болды, Маша жетіп үлгермеді, екі аяғы уатылып кетті. Біз медсанбатқа апара жатқанда «қыздар, мені атып тастаңдаршы, кімге керекпін енді» деп өтінген. Қатты сұрап еді. Кейін оны госпитальға жіберді, ал біз әрі қарай шабуылға кеттік. Ізін жоғалтып алдық. Қайда екенін, не болғанын білмедік. Жазбаған жеріміз жоқ, ешкім жауап бермеді. Мәскеудегі 73 мектептің ізкесушілері көмектесті. Мүгедектер үйінен тапты. Соғыс біткеннен бері госпитальдан-госпитальға көшкен, ондаған операция жасатқан. Тіпті тірі екенін өз анасына да мойындамаған. Ойлап көріңізші? Соғыс деген осындай. Біз оны кездесуімізге әкелдік. Ол президиумда отырып, еңкілдеп жылады. Кейін анасымен жолықтырдық. Отыз жылдан кейін бірақ кездесті.
….Мен күйеуімді соғыста кездестірдім, бір полкта болдық. Ол екі рет жарақаттанған, контузия. Соғыстан бастан аяқ өтті, өмір бойы әскери адам болған. Оған жүйкем тозғанын түсіндірудің қажеті жоқ. Егер дауыс көтерсем байқамағандай немесе үндемей қоя салады. Отыз бес жыл ұрыс-керіссіз, тыныш өмір сүрдік.
Ксения Осадчева, Саки қаласынан: Көз алдымда алты қабатты ғимараттың күлі көкке ұшты. Мені қатты екпінмен кірпіш қабырғаға ұшырып түсірді. Есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, кешкі алты екен. Басымды, қолымды қозғаймын, бәрі орнында сияқты. Әзер дегенде сол көзімді уқалап, бөлімге келдім, үстім қан. Дәлізде аға медбике кездестіріп қалды, таныған жоқ. «Сіз кімсіз, қайдан жүрсіз», – дейді. Жақындап келген соң ғана «Ксения, қайдан жүрсің? Жаралылар аш, ал сен жоқсың», – деп жатыр. Тез басымды таңып, сол қолымды шынтағымнан жоғары байлап, кешкі асқа кеттім. Көзім қарауытып, тер құйылды. Тез-тез кешкі ас таратып жатып, құлап қалдым. Есімді жисам, «тез болыңдар, жылдам» деген дауыстар естіліп жатыр. Сол күйіммен ауыр жараланғандарға қан бердім.
Жиырма айға дейін мені ешкім ауыстырған жоқ. Сол аяғым тізеге дейін ісіп кеткен, байланған, қолыма ота жасады, басымды дәкемен орап тастаған. Мектеп кезінде спорттық нормалар тапсырған едім, бірақ дәл мен сияқты жиырма ай күндіз-түні тыным таппаған спортшы әлемде жоқ шығар.
Қазір ғой бәрі қалпына келді, айнала гүлге толды. Бірақ аурудан әлі азап шегемін, менде әйел бейнесі жоқ. Күле алмаймын, әр күнім күрсінумен өтеді. Соғыста өзгергенім сондай, үйге келгенде анам танымай қалды. Оның қай жерде тұратынын көрсеткен, барып есік қақтым. Іштен кіре беріңіз деген дауыс шықты. Кіріп, амандастым. Қонуға рұқсат беріңіздер дедім. Анам пеш жағып жатқан, екі кішкентай інім еденде сабанның үстінде отыр, жалаңаш, киетін киімі жоқ. Анам мені танымады. «Азаматша, қалай өмір сүретінімді көріп тұрсыз ба? Онсызда қаншама солдат түнеп шықты. Қас қараймай тұрып әрі қарай өте беріңіз», – дейді. Сәл еңкейіп, құшақтап, «анашым» деймін. Сол кезде ғана маған бәрі бас салды, жан-жақтан еңкілдеп жылап жатыр. Мен өте қиын жолдан өттім. Көргенімді ешбір кітап пен фильммен салыстыруға келмейді.
«Үш айлық баламмен тапсырма орындауға бардым»
Мария Тимофеевна Саицкая-Радюкоич, астыртын жұмыс істеген әскери: Немістер ауылға мотоциклмен кіріп бара жатты. Тура көздеріне қарадым, жас, көңілді еді. Бәрі қарқ-қарқ күледі. Олардың сенің жеріңе келіп, осылай күліп отырғанын көргенде жүрек тоқтап қала жаздайды. Қазір олардан кек алып, осы жерде мерт боламын, сосын мен туралы кітап жазады деп армандайтынмын. Отаным үшін бәрін істеуге дайын болдым.
Мен қырық үшінші жылы қызымды тудым. Батпақтың арасында, бір мая шөптің үстінде дүниеге келді. Жөргегін денеме қойып жылытатын едім. Айналаның бәрі өрт, тұтас ауылдарды адамдарымен қоса өртеп жіберді. Гресск ауданында (соғысқа дейін болған елдімекен атауы – ред.) тоғыз ауылды өртеп жіберді. Өртенген жерді өзім жинағанмын. Шашылған сүйектер, жанған киімнің қалғаны, әйтеуір, кішкентай қиындыға қарап кім екенін тануға тырысатын едік. Бір шүберекті көтердім, құрбым «анамның жейдесі ғой» деді де құлап қалды. Сүйектерді жаймаға, жастықтың тысына жинадық. Кімде таза дүние бар соған салдық. Барлығын ортақ бейітке жерледік. Тек аппақ сүйектер… Осыдан кейін қандай тапсырма берсе де, көз жұмып бара беретінмін. Барынша көбірек көмектескім келді. Аянған жоқпын.
Балам кішкентай, үш айлық еді, сонымен бірге тапсырмаға бардым. Комиссар жібереді, ал өзі жаны ауырып жылайтын. Қаладан дәрі-дәрмек әкеледі… Баламды аяқ-қолымның ортасына қоямын, өзін жөргекке орап, алып жүремін. Орманда жараланғандар өліп жатыр, соларға бару керек. Бірақ ешкім өте алмайды, айналада немістер, полицей бекеттері. Тек мен ғана өттім. Айтып жеткізу қиын. Баламның қызуы көтеріліп, жыласын деп тұзбен денесін сүртемін. Ол қып-қызыл болып, бөртіп кетеді. Бекетке барып «сүзек, мырза, сүзек» деймін. Олар айқайлап қуады. Солай өтемін. Тұзбен де сүрттім, сарымсақ та салдым. Ал ол нәресте ғой. Үш айынан бастап тапсырмаға бардым. Бекеттен өтіп, орманға кірген соң жылаймын, айқайлап аламын. Баламды аяймын. Бірақ екі-үш күннен соң тағы барамын. Бару керек..
Вера Берестова, медқызмет лейтенанты: Соғысты бастан аяқ жүріп өттім. Қырық бірінші жылы қоршаудан шықтық, қырық екінші жылы Изюм-Барвенков операциясына қатыстым. Кейін соғыс біткенше, Сталинградтан жаралыларды алып шығуымен айналыстым. Оқ пен оттың астында, жұқа мұздың үстінде катермен, баржамен, иттерге шана байлап тасыдық. Әскери қызметімді Кенигсбергте аяқтадым. Бір рет жарақаттандым, Еділге батып кете жаздадым. Жүзіп шықтым, өзіммен бірге жаралыны да шығардым. Бірақ мұз астында болғаннан кейін ана болу бақытынан айырылдым. Соғыс бітті, ары қарай өмір сүру керек, елді көтеру керек. Сібірге бардым, жазық далада Ангарск атты әдемі қала салдық. Қазір үш жүз мыңнан аса адам бар. Мен келгенде екі-ақ палатка болатын. Күйеуге тидім, оның ұлын өсірдік. Кейін соғыста жетім қалған екі қызды балалар үйінен әкеліп тәрбиеледік. Қазір есейді, білім алды. Бес немереміз бар, әжемін.
«Үш рет жарақаттандым, үш рет контузия. Соғыста әркім әртүрлі нәрсені армандайды ғой. Біреу үйіне қайтсам дейді, біреуі Берлинге барсам дейді. Ал мен туған күнге дейін, он сегіз жасқа толғанға дейін аман қалсам деп тілейтінмін. Он сегізге жетпей өліп кетуден қатты қорқатынмын. Үнемі шалбар, басымда пилотка. Еңбектеп, жаралыларды тасығаннан кейін үнемі киімің де жыртылып жүреді. Еңбектегенді қойып, бір күні орныңнан тұрып жүресің десе, сенбейтінмін. Бұл арман еді.
«Ерлердің іш киімін киюден қорықтым»
Станислава Петровна Волкова, лейтенант, сапер взводының командирі: Төсектен ұшып тұрамыз. Тезірек киіну керек, бірақ әйелдерде ерлерге қарағанда киім көбірек қой, қолыңа біреуі ілінсе, біреуі ілінбейді. Әйтеуір, белді буып, киінетін жерге жөнелеміз. Жүгіріп бара жатып шинелді ала салып, қару-жарақ тұратын бөлмеге барамыз. Ол жерде күректі қабына салып, белдіктен өткізіп, үстінен оқшантай байлап, түймеленгендей боласың. Винтовканы ала салып, ары қарай жүгіріп бара жатып, бекітпені жабасың. Төртінші қабаттан домаланған күйі баспалдақпен төмен түсесің. Сапқа тұрғанда өзіңді тағы бір ретке келтіресің. Осының бәріне бар болған бірнеше минут қана беріледі.
Ал майданда.. Етігім үш өлшемге үлкен еді, шаң жиналып қалады. Бір үйдің иесі жолға алып ал деп екі жұмыртқа әкелді. Мен ешкімге көрсетпестен оларды жарып, етігімді тазаладым. Әрине, қарын аш, бірақ әдемі болғым келеді деген ішімдегі әйел жеңіп кететін.
….Мен басқаны айтайын. Соғыста ең қорқынышты нәрсе – ерлердің іш киімін кию еді. Ең қорқынышты нәрсе осы. Тіпті айта алмаймын… Енді, біріншіден, ол әдемі емес. Соғыстасың, Отаның үшін өлуге дайынсың, ал сенде ерлердің іш киімі. Күлкілі көрінесің ғой, қысқасы. Біртүрлі ыңғайсыз. Ол кезде ерлердің іш киімі ұзын еді, кең, қолпылдап тұрады. Сатиннен тігеді. Жертөледе он қызбыз, бәрінде сол іш киім. Құдайым-ай! Қысы-жазы, төрт жыл… Кеңес шекарасынан өттік. Комиссарымыз айтқандай, жыртқышты өз апанында өлтіруге таяу қалдық. Польшаға жеткенде, алдымызда кездескен ең бірінші ауылда бізге басқа киім, жаңа форма берді. Білесіңбе? Бірінші рет әйелдердің іш киімдерін әкелді ғой. Төрт жыл соғыста бірінші рет. Ха-а-а. Біз есі дұрыс іш киім көрдік. Неге күлмейсің? Жылап отырсың ба? Неге?…
Мария Яковлевна Ежова, гвардия лейтенанты, санвзвод командирі: Пойыздан түсе салып, алдыңғы шепке сұрандым. Бөлім кетіп бара жатыр екен, бірден қосылдым… Анамды үйге қалдырдым. Қыздар айтады ғой, ол санрота қалғысы келмейтін деп. Шынында, ротаға келемін, жуынамын, ауыстыратын киімдер алып, бірден окопқа барамын. Өзімді ойлаған жоқпын. Еңбектейсің, жүгіресің… Бірақ қанның иісі. Сол күйі үйрене алмай кеттім.
Соғыстан кейін перзентханада акушер болып жұмыс істедім, ұзаққа шыдамадым. Қанның иісіне аллергия шықты, ағзам мүлде қабылдағасы келмейтін. Соғыста қанша қан көрсем де, үйренбедім. Ағзам қайтіп қабылдамады. Перзентханадан кеттім, «жедел жәрдемге» бардым. Ол жерде де дем жетпей, тұншығатынмын….
Бэлла Эпштейн, кіші сержант, снайпер: Соғыстан кейін Минскіде алғаш рет трамвай іске қосылды, сол жерде болдым. Кенет трамвай тоқтап қалды, бәрі жылап жатыр, әйелдер шулайды. Адам өлді, адам өлді дейді. Ал мен вагонда отырмын, неге сонша жылағанын түсінбеймін. Ол қорқынышты ғой деген сезім болған жоқ. Соғыста сонша мәйіт көргеннен кейін еш реакция болмайды екен. Қорқыныш сезімі тек бір жыл өткеннен кейін ғана қайта оралды. Өлген адам көрсем қорқатын болдым, қайтадан қарапайым адамға айналдым.