
2026 жылдың алғашқы үш айында Өзбекстанда 9,6 млрд текше метр табиғи газ өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға аз көрсеткіш. Әсіресе наурыз айында өндіріс көлемі 30,8 пайызға төмендеп, тәуліктік көрсеткіш 125,8 млн текше метрден 87,1 млн-ға дейін құлдыраған.
Өзбекстан Энергетика министрі Жорабек Мирзамахмудов газ өдірісі азаяды деген алдын ала болжам жасалғанын атап өтті.
Министр мойындады
Министрдің айтуынша, елдегі газ өндірісінің азаюы – табиғи процесс. Ұзақ жылдар бойы қолданыста болған ескі кен орындарының әлеуеті сарқылып бара жатыр.
Сондықтан өндіріс көлемінің төмендеуі мамандар үшін анық болған. Қазіргі уақытта үкіметтің басты мақсаты – өндірісті тұрақтандыру және қолда бар көлемді барынша ұстап тұру. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сарқылған кен орындары және жаңа жоспарлар
Негізгі өндіріс көрсеткіштерінің төмендеуі Шуртан, Бұхара-Хиуа және Қашқадария өңірлеріндегі ескі кен орындарында байқалады.
Бұл жерлердегі газ қоры 85-90 пайызға таусылған. Жағдайды түзеу үшін «Өзбекнефтегаз» компаниясы шетелдік серіктестермен, соның ішінде SOCAR және BP компанияларымен бірлесіп, Үстірт аймағында жаңа кен орындарын іздеу және жаңа ұңғымаларды бұрғылау жұмысын бастады.
Соңғы жылдардағы жалпы ахуал
Өзбекстанда газ өндірісі соңғы бес жылда тұрақты түрде азайып келеді. Егер 2021 жылы елде 53,8 млрд текше метр газ өндірілсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 42,3 млрд-қа дейін түскен.
Үкімет жаңа инвестиция мен бұрғылау жұмыстарына миллиондаған доллар бөлгенімен, ескі кен орындарының тозуы өндіріске айтарлықтай әсер етіп отыр.
Сонымен қатар осы салаға жүргізілген тексеріс кезінде миллиардтаған қаржы жымқырылғаны анықталған.
Айта кетейік, Өзбекстан 2026 жылы ДСҰ кіруді көздеп отыр.