Экономика

Атом электр станциясынан шығатын қалдық қалай жойылады

АЭС қалдығы қайда көміледі / Фото: shutterstock

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясынан шығатын радиоактивті қалдықтарды жою тәсілі әлі нақты анықталмаған. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, пайдаланылған ядролық отын мәселесі әлі зерттеліп жатыр. Мәселен, Финляндия қалдықтарды терең геологиялық қоймаларда сақтау әдісін қолданады.

Ал АҚШ болса, отынды тікелей АЭС аумағында сақтайды. Оған реактордағы уранның толық жанбайтыны себеп. Демек, материалдың бір бөлігін қайта өңдеп, келешекте тағы да пайдалануға мүмкіндік бар.

Қазір Қазақстан мамандары осы екі бағыттың қайсысы тиімді екенін қарастырып, әлі де бір тоқтамға келе қойған жоқ.

АЭС-ті суытуға қанша су жұмсалады?

Болашақ атом станциясының жұмысына жылына шамамен 60 млн текше метр су қажет. Техникалық сипаттамаға сәйкес, станцияны суытатын екі тұйық контуры болады, үшінші буындағы реактор орнатылмақ.

Су тек конденсаторды суытуға арналған және ол реактордың негізгі аймағымен жанаспауы тиіс. Оған қоса станцияны салқындату үшін ылғалды және құрғақ градирнялар қолданылады.

Бұған дейін Атом энергия жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жалпы қуаты 1200 МВт-тық екі блоктан тұратын станция құрылысына 15 млрд доллар қаржы кетуі мүмкін екенін айтқан. Алғашқы АЭС «Балқаш» деп аталады.

АЭС құрылысы 10-12 жылға созылуы мүмкін. Қазір Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында инженерлік ізденіс жұмысы жүріп жатыр. Екінші АЭС те Жамбыл ауданында салынбақ.