
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы еліміздің аграрлық сектордағы әлеуеті зор екеніне тоқталып, Түркия нарығына сапалы өнім жеткізуге дайын екенін жеткізді.
«Өз тарапымыздан Түркияға «халал» стандартына сай келетін ет өнімдерін экспорттауға дайынбыз», – деді президент.
Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштер
Президент өз сөзінде Қазақстанның аграрлық саладағы маңызды жетістіктерін атап өтті. Қазақстан егін алқаптарының аумағы бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Еліміз астық экспорттайтын ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді (былтыр диқандар 27 миллион тонна астық жинады).
Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,8 есе өсті. Қазақстан Global Food Security индексі бойынша 32-ші орында тұр. Былтыр екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 25 пайызға артты.
Түрік компанияларының Қазақстандағы жобалары
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, экспорттық әлеуетті арттыруға септігін тигізетін нақты инвесторлар мен жобаларды атап өтті:
- Tiryaki Holding компаниясы Астанада бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салмақшы;
- İskefe Holding кәсіпорны желатин өндірісін қолға алмақ;
- Alarko Holding компаниясы Шымкентте жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.
Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның заманауи агротехнологияны енгізуге және суару жүйесін дамытуға ерекше мән беріп отырғанын айтты. Сондай-ақ, еліміз Түркиямен ветеринария және фитосанитария салаларында бірлесе жұмыс істеуге ниетті.
Айта кетейік, осыған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан пен Түркия «Орта дәлізді» дамытуды жалғастыратынын атап өтті.