Жаңалықтар

Тоқаев түрік бизнесін Altyn Visa мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды

Тоқаев түрік бизнесін Altyn Visa мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды / Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қолайлы жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Бүгінде елде шетелдік капиталды тарту мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Мемлекет басшысы инвесторлармен жұмыс істеудің тиімді тетіктері іске қосылғанына тоқталды. Атап айтқанда, президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Арнайы Инвестициялық штаб жұмыс істеп тұр. «Бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды.

Инвесторларға арналған жеңілдіктер: Altyn Visa бағдарламасы

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік кәсіпкерлер үшін қолға алынған Altyn Visa бағдарламасының артықшылықтарын ерекше атап өтті. Оның негізгі мақсаты — инвесторларға салық және көші-қон жеңілдіктерін ұсыну. Мемлекет басшысы түрік кәсіпкерлерін осы бірегей мүмкіндікті белсенді пайдалануға шақырды.

АХҚО – аймақтағы жетекші қаржы хабы

Президент елордада белсенді жұмыс істеп тұрған Астана халықаралық қаржы орталығының (AIFC) әлеуетіне назар аударды.

«Бұл – инвесторлар мен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету үшін құрылған аймақтағы жетекші хаб. Орталық Ыстанбұл, Лондон, Дубай және Нью-Йорк қаржы орталықтарының үздік тәжірибесін қолдана отырып, ағылшын құқығына сәйкес жұмыс істейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі таңда АХҚО-да әлемнің 90-ға жуық елінен 5 600-ден астам компания тіркелген. Оның ішінде қаржы, сауда, құрылыс және өзге де салаларда табысты жұмыс істеп жатқан 73 түрік компаниясы бар. Сонымен қатар, Астана қаржы орталығы мен «Борса Ыстанбұл» биржасы арасындағы серіктестік те артып келеді.

Түркияның тәжірибесі сараланады

Қазақстан түрік бизнесімен байланысты кеңейтуге мүдделі. Президент Түркияда Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен ұлттық экономикаға инвестиция тарту үшін нақты шаралар қабылданып, кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріле бастағанынан хабардар екенін жеткізді.

«Біз бұл бастаманы міндетті түрде сараптаймыз, қажетті тұстарын пайдалануға тырысамыз», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан пен Түркия «Орта дәлізді» дамытуды жалғастыратынын атап өтті.