
Қырғызстан премьер-министрі Әділбек Қасымәлиев Ресейге қарсы салынған санкцияларды «айналып өтуге қатыспайтынын» мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қырғызстан ЕО, АҚШ және Ұлыбританияның санкция тізіміне енген жергілікті банктерді тексеру үшін халықаралық аудиторлық компанияларға жүгінген.
«Шектеулерді айналып өтуге қатыспайтынымызды үнемі айтып келеміз. Бірақ сонымен бірге біздің Ресеймен тығыз қарым-қатынасымыз бар. Ол елде біздің мигранттар жұмыс істейді, сол жақтан ақша аударымдары түседі»,- деді Қасымәлиев.
Еуропа неге Қырғызстанға «наразы»?
Ол сондай-ақ Қырғызстанның санкцияларды «айналып өтуімен» күресуге қатысты Еуроодақ шешіміне де түсініктеме берді.
Бұл механизм ЕО-ның сәуір айының соңында Ресейге қатысты қабылдаған 20-санкциялар пакеті аясында іске қосылған.
Қырғызстанға кез келген цифрлық бағдарламалар арқылы басқарылатын жабдық пен радио құралдарын экспорттауға тыйым салынды.
ЕО осы шешімін Қырғызстанның Ресейге жекелеген жабдықтар экспортына салынған тыйымды «жүйелі және бірнеше рет бұзуына» байланысты іске қосқанын мәлімдеді.
Қасымәлиевтің айтуынша, Қырғызстанға халықаралық санкциялар салынбаған, ал ЕО шектеулері тек екі тауар түрін жеткізуге ғана қатысты.
Қырғызстан СІМ бұған дейін де елге қатысты санкцияларды айналып өтуге қарсы механизмнің қолданылуына байланысты өкініш білдірген болатын.
Ведомство «қырғыз тарапының ұстанымы ескерусіз қалғанын» және мұндай «біржақты шешімдер сенім атмосферасына нұқсан келтіретінін» мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Еуропа Қырғызстаннан санкцияны айналып өтіп Ресейге тауар тасуды тоқтатуды талап еткен болатын.