
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Конго мен Угандадағы Эбола безгегінің өршуін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп мәлімдеді.
Эбола – әлемдегі ең қауіпті әрі өлім көрсеткіші жоғары вирустардың бірі, одан келетін өлім-жітім деңгейі 90%-ға дейін жетуі мүмкін.
Қазір аурудың сирек кездесетін «Бундибугйо» штаммы таралып жатыр, бұл штаммға қарсы әлі күнге дейін ресми мақұлданған вакцина немесе арнайы емдеу тәсілі жоқ.
COVID-19 инфекциясымен салыстырғанда, Эбола ауа-тамшылары арқылы оңай таралмайды, алайда тығыз қарым-қатынас кезінде өте үлкен қауіп төндіреді.
Аурудың белгілеріне дене қызуы, әлсіздік, бұлшықеттің ауырсынуы, құсу, диарея және қан кету жатады. Індет асқынып кеткен жағдайда адамның ішкі мүшелері қызметін тоқтатып, өлімге әкеп соқтырады.
Аймақта 330-дан астам вирус жұқтырып, 88-ге жуық кісі көз жұмған. Аурудың негізгі ошағы Итури провинциясында анықталды.
Бұл өңірде қарулы қақтығыстар толастамай тұр. Оған қоса медициналық инфрақұрылым өте нашар дамыған және Уганда мен Оңтүстік Судан шекарасы арқылы халық ары-бері көшіп жүр.
Мамандар вирусты ауыздықтау үшін сынақтан өтіп жатқан екпе мен емдеу әдістерін зерттеп жатыр.
ДДҰ өзге мемлекеттерді шекараны жаппау және саяхатқа шектеу қоймауға шақырды, өйткені мұндай шаралар вирустың таралуын тоқтатуға көмектеспейді. Оның орнына ұйым эпидемиологиялық қадағалауды күшейту, тестілеу жұмыстарын жиілету және инфекциялық бақылау шараларын арттыруды ұсынады.