Теңіздегі мұнай өндірісінің азаюынан ел бюджеті 900 млн доллар салықтан қағылды

Жарияланды 17 Мамыр 2026 11:33

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Теңіздегі апат салдарынан бюджетке қанша салық түспеді / Фото: kursiv.media архиві,бильд-редактор Серікжан Қобланбаев

Теңіз кен орнындағы мұнай өндірісінің азаюына байланысты Қазақстан бюджеті 1 млрд долларға жуық табысынан айырылды. Мұндай есепті «Energy Monitor» Telegram-арнасының авторы Нұрлан Жұмағұлов ұсынды.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың үш айында Теңіздегі мұнай өндірісі 60 пайызға төмендеген.

Нақтырақ айтсақ, былтырғы бірінші тоқсанда 9,37 млн тонна мұнай өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 5,7 млн тоннаға дейін азайған.

Өндірістің 3,7 миллион тоннаға қысқаруы салдарынан мемлекет қазынасына 900 млн доллар салық түспей қалды.

Сарапшы өндірістің мұншалықты құлдырауына үш бірдей электр трансформаторының өртенуі себеп болғанын атап өтті. Осы оқиғадан кейін Теңіздегі мұнай өндіру жұмыстары бір айға жуық уақытқа тоқтап тұрды. Алайда өрттің неден шыққаны туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

Трансформаторлардағы өрт қаңтардың 18-інде болып, соның кесірінен газ турбиналы қондырғылар сөніп қалған.

Бұл жағдай Теңіз және Королевское кен орнында мұнай мен газ өндірісінің тоқтауына әкеп соқты. Оқиғаның мән-жайын және өндірістің іркілу себептерін анықтау үшін Энергетика министрлігі арнайы комиссия құрды.

Қазақ мұнайының 80 пайызы тасымалданатын негізгі бағыт – Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) қиындықтар мен Теңіздегі апатты жағдайға байланысты министрлік биылғы мұнай өндіру жоспарын өзгертті.

Бұған дейін межеленген 100,5 миллион тоннаның орнына биыл 96-98 миллион тонна мұнай өндіру көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз