
Bloomberg мәліметінше, АҚШ пен Иран апталарға созылған соғысты тоқтату және стратегиялық маңызы бар Ормұз бұғазын қайта ашу туралы келісімге келуден әлі де өте алыс. Онсыз да нәзік тұрған бітімгершілік режимі Біріккен Араб Әмірліктерінің ядролық нысанына жасалған дрон шабуылынан кейін қайта шиеленісе түсті. Осы тұста АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында шыдамының таусылып бара жатқанын анық аңғартты. Ол Иран үшін уақыттың зымырап бара жатқанын, егер олар тезірек қимылдамаса, соңы ауыр болатынын қатаң ескертті. Трамп Иран тарапынан жаңа ұсыныстар күтіп отырғанын және олар талап етілген деңгейге жетпесе, қайтадан соққы көретінін мәлімдеді.
Сәуірдің 8-інде басталған бітімгершіліктен бері Ақ үй басшысы ақпан айында басталған бомбалау науқанын қайта жандандыратынын бірнеше рет айтқан болатын. Осы мақсатта ол жақында вице-президент Ди Вэнс, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және ЦРУ директоры Джон Рэтклиффпен шұғыл жиын өткізді.
Келіссөздердегі шарттар мен тығырықтар
Иранның жартылай ресми «Fars» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон бейбіт келісім үшін бес негізгі шарт қойып отыр. Бұл шарттардың қатарында Иранның ядролық бағдарламасында қолданылатын байытылған уранды АҚШ-қа өткізу, Тегеран талап етіп отырған соғыс шығындарын өтемеу және Иранның бұғатталған активтерінің тек ширек бөлігінен азын ғана босату талаптары бар. Алайда АҚШ тарапы бұл ақпаратқа қатысты әлі ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Екінші бір ирандық агенттік «Mehr» Вашингтонның ешқандай нақты жеңілдік жасамай отырғанын, керісінше соғыс кезінде қол жеткізе алмаған тиімді шарттарын келіссөз арқылы алғысы келетінін айтып, бұл жағдай келіссөздерді тығырыққа тірейтінін алға тартты.
Аймақтағы жаңа соққылар мен мұнай дағдарысы
Осы текетірес тұсында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» АЭС-іне дрон шабуылы жасалып, сыртқы электр генераторында өрт шықты. Әбу-Даби билігі бұл оқиғаның радиациялық қауіпсіздікке еш әсер етпегенін және зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. БАӘ Қорғаныс министрлігі жіберілген үш дронның екеуін атып түсіргенін мәлімдесе, көршілес Сауд Арабиясы бұл шабуылды бірден айыптады. Жалпы, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы Ислам Республикасында мыңдаған адамның өмірін қиған болатын. Тегеранның жауап ретіндегі соққылары Парсы шығанағындағы АҚШ одақтастарына, соның ішінде БАӘ-ге бағытталған еді.
Иранның Парсы шығанағындағы кеме қатынасына төндірген қаупі аймақтың энергия экспортын толықтай дерлік тоқтатып, әлемдік нарықта Brent маркалы мұнай бағасын 50%-ға өсірді. Бұл жағдай Тегеранға келіссөздерде үлкен басымдық беріп отыр. Ал Ақ үй қараша айында өтетін аралық сайлау алдында үлкен қиындыққа тап болды. Олар тарихтағы ең ірі мұнай тапшылығын реттеп, жаһандық энергия бағасын төмендетудің және халық арасында танымалдылығы төмендеп бара жатқан соғысты тоқтатудың амалын іздеуде.
Айта кетейік, Қазақстан Иранға гуманитарлық көмек жіберген болатын