Шахмұрат Мүтәліптің компаниясы 1,2 млрд долларға облигация шығарады

Жарияланды 18 Мамыр 2026 12:10

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

AIX / фото: Kursiv Media

2024 жылдың қарашасында АХҚО-да тіркелген Nature energy solutions Ltd. компаниясы AIX биржасында 6 айлық облигацияларын орналастырады. Бағалы қағаздардың жалпы көлемі 1,2 млрд долларды, ал купондық мөлшерлемесі жылдық 8,0%-ды құрайды.

Бұл компанияның жалғыз құрылтайшысы – бизнесмен Шахмұрат Мүтәліп. Кәсіпорынның ресми қызмет бағыты ретінде табиғи және басқа да газ түрлерінің көтерме саудасы көрсетілген.

Finmentor мәліметінше бұған дейін Financial Times басылымы Шахмұрат Мүтәліптің Шодиевтер және Машкевичтер отбасыларымен ERG-дегі 40% үлесті 1,4 млрд долларға сатып алу шарттарын келіскенін хабарлаған болатын.

Кейінірек дәл сол басылым Роман Скляр ERG-дің бас атқарушы директоры лауазымында Шухрат Ибрагимовты алмастыруы мүмкін екенін жазды. Бұл материалда FT Мүтәліптің ERG-дегі 40% үлесті сатып алу мәмілесі әлі толық жабылмағанын, ал бизнесменнің өзі бірнеше қазақстандық банкпен, сондай-ақ Abu Dhabi Commercial Bank-пен қаржыландыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын атап өткен.

Осымен қатар, Bloomberg агенттігі Шахмұрат Мүтәліптің Glencore-дан «Казцинктің» 70% үлесін 3,5 млрд долларға сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.

Еске сала кетейік, Шахмұрат Мүтәліп Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингінде 22-орынға көтерілді.

Сондай-ақ оқыңыз