
Әлеуметтік желілерде Ақтаудан түсірілген, толықтай жалаңаш ер адам бейнеленген фото мен видеолар пайда болды. Кадрларда белгісіз бір адамның киім киген азаматпен көшеде ұсталып тұрғаны көрінеді.
Полицияның хабарлауынша, оқиға 7 маусым күні таңертең қаланың 39-шағын ауданында болған.
«Таңғы сағат 05:30 шамасында 102 пультіне қоғамдық орында киімсіз жүрген, қоғамдық тәртіпті және тұрғындардың тыныштығын бұзған ер адам туралы хабарлама келіп түсті. Тексеруден кейін тәртіп бұзушыға қатысты бірнеше бап бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Ол тыныштықты бұзғаны, қоғамдық орында алкогольді ішімдіктер ішкені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Жиналған материалдар сотқа жолданды.
Айта кетейік, осыған дейін Қарағанды облысының Михайлов полиция бөлімінің тірек пунктінен әйелдің мәйіті 2025 жылдың 1 қазанында табылған еді.