
Экономист Олжас Байділдинов зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін көтеру мерзімін 2027 жылдың 1 қаңтарына шегеруді ұсынды. Оның пайымдауынша, қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу, ипотека жабу немесе «Отбасы банктегі» депозиттерін толықтыру мүмкіндігін қалдыру қажет.
Сарапшы мұндай бастаманы БЖЗҚ зейнетақы жинағының жаңа шекті мәндерін жариялағаннан кейін көтерді. 5 маусымнан бұл көрсеткіш салымшының жасына байланысты екі есеге жуық өсті.
Олжас Байділдиновтің пікірінше, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу төңірегіндегі қызу пікірталастарда маңызды бір жайт назардан тыс қалып барады. Ол зейнетақы активтерінің қазірдің өзінде жылжымайтын мүлік саласындағы жобаларды қаржыландыруға жұмсалып жатқанын алға тартады.
Оған мысал ретінде экономист Mega Silk Way сауда-ойын-сауық орталығының құрылысын көлденең тартты.
Оның айтуынша, кезінде бұл нысанға Ұлттық қордан да, БЖЗҚ-дан да қыруар қаржы бөлінген. Осы тұста маман:
«Ендеше, зейнетақы ақшасына сауда орталығын салу неліктен жеке баспана сатып алу немесе ипотеканы өтеуден маңыздырақ болуы керек?» – деген сауал тастады.
Осы орайда экономист зейнетақы жинағын тек тұрғын үй мақсатына ғана пайдалануды қолдайтынын нақтылады. Яғни, бұл қаражат тек баспана алу, ипотека жабу немесе «Отбасы банкіндегі» жинақ депозиттеріне ғана бағытталуы тиіс деп есептейді.
Бұдан бөлек, маман міндетті зейнетақы төлемдерінің өсіп жатқанына да назар аударды. Қазіргі уақытта бизнес иелері қызметкердің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасынан тыс, оның шартты шотына тағы 3,5 пайыз көлемінде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын аударып отыр.
Бұл мөлшерлеме 2027 жылы 4,5 пайызға, ал 2028 жылы 5 пайызға дейін өсуі тиіс. Осы жайттарды саралай келе, экономист жаңа шекті мәндерді енгізуді 2027 жылдың басына шегеруді ұсынып отыр.
Қазақстандықтарға да бұл шешім ұнай қойған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары БЖЗҚ шешіміне наразы болып, ондай көлемде зейнетақы қорын жинап үлгеру мүмкін еместігін айтады.