
Қазақстандағы ірі компаниялар банктерден миллиардтап несие ала бастады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметінше, 2026 жылдың үш айында ірі бизнестің несиеге деген тәбеті ашылған. Мәселен, компаниялар жолдаған әрбір несие өтінімінің орташа сомасы бірден 80%-ға өсіп, 18,8 млрд теңгеге жетті.
Осылайша, жыл басынан бері банктер ірі бизнеске 2,3 трлн теңге жаңа несие берді, бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 20,5%-ға көп.
Банктен өнеркәсіп, көлік және құрылыс саласындағы кәсіпорындар көп кредит алған. Компаниялар бұл қаржының басым бөлігін (шамамен 85%-ын) бір жылға жетпейтін мерзімге рәсімдеген.
Демек, оларға ақша негізінен ұзақ мерзімді жобаларға емес, күнделікті жұмыстарды жүргізу, тауар айналымын реттеу және қажеттіліктерді жабуға қажет болуы мүмкін деген сөз.
Бизнестің сұранысы жоғары болғанымен, банктердің талабы біршама қатайған. Мәселен, бұған дейін түскен өтінімдердің 65%-ы мақұлданатын болса, қазір бұл көрсеткіш 55,5%-ға дейін төмендеді.
Соған қарамастан, ірі кәсіпкерлер банктер үшін ең сенімді клиент болып қала береді. Өйткені олардың арасында несиесін уақытында төлей алмай, қарызға батқандардың үлесі небәрі 2,1%-ды құрайды.
Жаңа несие көптеп берілгеніне қарамастан, ірі бизнестің банктер алдындағы жалпы қарыз қоржыны жыл басынан бері 11,5%-ға азайып, 6,6 трлн теңгеге түскен.
Сарапшылар мұны уақытша құбылыс деп түсіндіреді: кейбір ірі компаниялар ескі қарыздарын жоспарлы түрде жапқан, сондай-ақ кейбір клиенттер басқа санаттарға ауыстырылған.
Қазіргі кезде экономикаға берілген кредит көлемі 51,5 трлн теңгеден асса, соның 24,2 трлн теңгесі – бизнестің алған несиесі.