
Halyk Bank Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңына облигация шығару арқылы қосымша капитал тартуды жоспарлап отыр. Банктің Директорлар кеңесі бұл шешімді мақұлдаған.
Жаңа жоба аясында банк жалпы құны 200 млн долларды құрайтын бағалы қағаз шығарады. Бүкіл бағалы қағаздар AIX биржасына орналастырылып, айналым мерзімі екі жылды құрайды.
Яғни банк инвесторлардан екі жылға қарыз ақша алады. Бекітілген шарттарға сай, нарыққа әрқайсысының құны 100 мың доллар болатын 2 000 дана облигация шығарылады.
Осы бағалы қағаздарды сатып алған инвесторларға банк жылдық 3,5% көлемінде сыйақы төлеп тұрады. Бұл табыс жылына екі рет, халықаралық 30/360 есептік базасы бойынша төленеді.
Сонымен қатар мәміленің екі тарап үшін де тиімді сақтандыру тетіктері бар. Halyk Bank 18 ай өткеннен кейін, бұл облигацияларды мерзімінен бұрын өз номиналы бойынша қайта сатып алу құқығын өзіне қалдырды.
Ал инвесторлар үшін де дәл сондай қорғаныс мүмкіндігі қаралған, бұл олардың салған капиталын қауіпсіз сақтауға кепілдік береді.
Halyk Bank – елдегі жүйе құраушы банктердің бірі. Halyk Bank-тің басты акционері – «АЛМЭКС» холдингі. Банктің түпкі иесі Тимур мен Динара Құлыбаевтар Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер рейтингінің үшінші сатысында тұр.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында банктің таза пайдасы 234,8 млрд теңге болды. Пайда үш айда 14,6%-ға азайған.