
Өзбекстанда АИ-92 маркалы бензиннің биржадағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Spot басылымының жазуынша, 29 маусымдағы сауда қорытындысы бойынша бір тонна АИ-92 бензині 13,919 млн сумға сатылған.
Бұл осыған дейінгі саудамен салыстырғанда 1,1% жоғары. Ал маусым айының басынан бері жанармай бағасы 1,473 млн сумға немесе шамамен 11,8%-ға өскен.
Баға негізінен маусым айының бірінші жартысында қыматтаған. 4 маусымда бір тонна АИ-92 бензині 12,476 млн сум болса, 8 маусымда бағасы 13,788 млн сумға жеткен. Яғни небәрі төрт күнде жанармай 10,5%-ға қымбаттаған.
Кейінгі екі аптада баға 13,7–13,8 млн сум аралығында сақталды. Алайда 29 маусымда қайта өсіп, тарихи максимумды жаңартты.
Бағаның өсуіне ұсыныстың азаюы да әсер еткен болуы мүмкін. 1 маусымда биржаға 3 791 тонна бензин шығарылса, 23 маусымда бұл көлем екі есеге қысқарып, 1 898 тоннаға дейін түскен. 29 маусымда ұсыныс 3 123 тоннаға дейін қайта көбейгенімен, баға төмендеген жоқ.
Ресейдегі тапшылық Орталық Азияға да жетті
Spot бұл жағдай Ресейдегі жанармай тапшылығымен тұспа-тұс келгенін жазады. Басылымның мәліметінше, тапшылыққа мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстары әсер еткен. Оған Украина дрондарының шабуылынан кейінгі жағдай себеп болған.
Айта кетейік, Ресей 1 сәуірден бастап бензин экспортына тыйым салған. Сарапшылардың бағалауынша, бұл шара бағаның одан әрі күрт өсуін тежеуі мүмкін. Бірақ нарықтағы бағаны тез арада төмендетуі екіталай.
Тағы да оқыңыз: Ресейде кейін Қырғыз үкіметі де Қазақстаннан бензин сұрап отыр.