
Тақырыптағы сұраққа әзірше «жоқ» деп жауап беруге тура келеді. Алайда әйгілі телеарнаның тұтас контенті қазақшаланады деген уәде болғанын да байқамадық.
Кешелі бері Euronews телеарнасының енді қазақша хабар тарататыны туралы жаңалық шықты. Арнаның ресми өкілі қазақ тіліндегі жаңалықтарды тікелей эфирде YouTube желісіндегі Euronews Kazakh Live каналынан көруге болатынын айтып, сілтемесін бөлісті.

Сілтемені түртіп, Euronews Kazakh Live-ті ашып көрдіп едік, арнаның бір мерзімді бағдарламасы (12 minutes шығарылымы, Уругвай сыртқы министрімен сұхбат) жүріп жатыр екен – қазақша емес, ағылшынша.

Қазақшаланғаны – экран астында шығып тұратын субтитрлары ғана.

Бағдарлама аяқталған соң көрсетілген қысқаша анонстар, деректі роликтер (төмендегі сурет) қазақшаға аударылып, дыбысталған.

Күні бойы белгіленген уақыт аралықтарында шығатын әлем жаңалықтары да қазақша дыбысталған. Арна контенті тұтас қазақшаланбады, тек жаңалық сегменті қазақша шығып отыр дегеніміз осы.

Бірақ сол жаңалық сюжеттерінің кей бөліктері қазақша дыбысталмаған: мысалы, футболдан әлем чемпионаты туралы репортажда кадр сыртындағы қазақша «диктор» дауысы естіледі, ал шетел жанкүйерлерінің тілші сұрағына жауап беріп тұрған сәті қазақша дыбысталмаған, тек субтитр берілген (төмендегі скриншот).

«Диктор» дауысын тыңдап отырып, оның бірқатар есімді екпінді дұрыс қоймай айтуына қарағанда (мысалы, Инфантиноны – «ИнФАНтино», Анкараны — «АНкара»), бұл адам емес, жасанды интеллект құралының ер адам мен әйелдің дауысына келтіріп дыбыстағаны ма деген әсер қалды.

Көзге түскен бірді-екілі кемшін тұстары болмаса, жалпы, арна мазмұны сапалы. Euronews-тің қазақшаланатын контенті көбейе беруіне тілектеспіз.