
Қазақстандағы тұрғын үй нарығында баға айырмасы енді жай ғана «Астана мен Алматы қымбат» деген түсініктен әлдеқайда күрделі болып тұр. 2026 жылғы маусымдағы дерекке қарасақ, екі мегаполис әлі де елдегі ең қымбат нарық саналады. Бірақ өңірлердің ішінде де баға қатты алшақтай бастаған.
Kursiv Media Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы маусымдағы тұрғын үй нарығы дерегін талдап көрді.
Жаңа үйлер: Астана бірінші, Алматы сәл кейін
Маусымда Қазақстан бойынша жаңа тұрғын үйлердің орташа бағасы 1 шаршы метр үшін 617 555 теңге болды. Ал қалалар арасында ең жоғары баға Астанада тіркелді – 739 033 теңге. Алматыда жаңа үйдің шаршы метрі 725 995 теңге болды.
Яғни жаңа салынған пәтер нарығында Астана Алматыдан сәл озып тұр. Екі қаладағы баға республикалық орташа деңгейден айтарлықтай жоғары.
Пәтер бағасы (ең) қымбат қалалардың бестігіне, Астана мен Алматыдан кейін, Атырау да кірді. Мұнда жаңа тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 546 419 теңге болды. Одан кейінгісі – Шымкент (535 036 теңге), ал бесінші орында – Өскемен (521 168 теңге).
Ең қолжетімді жаңа тұрғын үй Оралда тіркелді –327 013 теңге. Ақтөбеде бұл көрсеткіш 356 454 теңге, Көкшетауда 370 124 теңге болды.
Қайталама нарықта Алматы алда
Қызығы, қайталама нарықта жағдай басқаша. Мұнда Алматы Астанадан озып тұр. Алматыда бұрын салынған пәтерлердің 1 шаршы метрі орта есеппен 749 592 теңге, ал Астанада 727 363 теңге болды.
Бұл Алматыда ескі қордағы, бірақ орналасуы ыңғайлы пәтерлердің құны жоғары екенін көрсетеді. Яғни сатып алушы үшін үйдің жаңа болуы ғана емес, ауданы, инфрақұрылымы, көлік қолжетімділігі және қалыптасқан орта да маңызды.
Қазақстан бойынша қайталама нарықтағы орташа баға 629 667 теңге болды. Бұл жаңа тұрғын үйдің орташа бағасынан да жоғары. Демек кейбір қалаларда дайын пәтерге сұраныс жаңа құрылысқа қарағанда күшті болуы мүмкін.
Қайталама нарықтағы ең төмен бағалар Қызылордада- 342 768 теңге, Таразда – 351 696 теңге, Ақтауда – 360 280 теңге деңгейінде қалыптасты.
Жалға алу нарығында да Алматы бірінші
Жалдау нарығында да Алматы көш бастап тұр. Қалада абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 1 шаршы метр үшін орта есеппен 5 879 теңге болды. Астанада бұл көрсеткіш 5 646 теңге.
Баға өсімі қайда қатты сезілді?
Жылдық өзгеріске қарасақ, жаңа тұрғын үй Қазақстан бойынша 14% қымбаттаған. Ең жоғары өсім Астанада байқалды – 19,4%. Ақтөбеде жаңа үйлер 18,4%, Алматыда 14,4% қымбаттады.
Қайталама нарықта республика бойынша баға 10,4% өсті. Бұл сегментте Көкшетау ерекше көзге түседі – 14,3%. Талдықорғанда өсім 13,3%, Астанада 13,2% болды.
Жалдау нарығындағы ең қызық өзгеріс Павлодар мен Петропавлда байқалады. Павлодарда жалдау ақысы бір жылда 38,9%, Петропавлда 35,2% өскен. Бұл қалалар сатып алу бағасы бойынша ең қымбат нарыққа кірмесе де, жалға алу жағынан қысым күшейгенін көрсетеді.
Тағы да оқыңыз: Halyk Bank 5%-дық «SHANYRAQ» атты жаңа тұрғын үй жинақ бағдарламасын іске қосты.