Еуропа санкциядан шаршады ма: жаңа пакетке қарсылық күшейді

Жарияланды 20 Шілде 2026 10:11

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Санкцияның жаңа лебіне қарсылық көп / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

ЕуроОдақ Ресейге қысымды күшейткісі келгенімен, ұйым ішіндегі бірлікті сақтау қиындап барады. Бірқатар мемлекет жаңа санкциялар өз экономикасына Ресейден кем соққы бермейді деп қауіптеніп отыр.

Financial Times мәліметінше, Грекия, Франция, Италия, Германия, Австрия және Португалия санкциялардың жекелеген тармақтарына қарсы шығып немесе ұлттық компанияларына жеңілдік беруді сұраған. Соның салдарынан Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін келісу процесі созылып кетті.

Даудың негізгі бөлігі ресейлік сұйытылған табиғи газды үшінші елдерге тасымалдауға ұсынылған шектеуге қатысты. Еуропадағы газ тасымалдайтын танкерлер нарығында Грекияның үлесі жоғары. Афина шектеу енгізілсе, бұл нарықты АҚШ, Қытай және Жапония компаниялары иеленуі мүмкін деп есептейді.

Грекия билігінің ұстанымы қарапайым: санкциялар Ресей экономикасын әлсіретуі керек, бірақ еуропалық бизнеске зиян келтіріп, оның бәсекелестеріне артықшылық бермеуге тиіс. Австрия да санкциялар пакетінің кейбір талаптарына қарсылық білдірген.

Келіспеушіліктерге байланысты Еуроодақ елшілері ортақ шешімге келе алмады. Талқылау 23 шілдеге шегерілді. Сол уақытқа дейін Ресей мұнайына қойылған баға шегі барреліне 44,10 доллар деңгейінде өзгеріссіз қалады. Ал қазір нарықта мұнай бағасы 90,25 долларға дейін жетті.

Бұл жағдай Еуроодақтың санкциялық саясаты жаңа кезеңге келгенін көрсетеді. Бұрын елдер Ресейге қысым жасау мәселесінде тезірек келісе алса, қазір ұлттық компаниялардың табысы, энергия қауіпсіздігі мен жұмыс орындары алдыңғы қатарға шығып отыр. Сондықтан алдағы санкцияларды қабылдау бұрынғыдан да күрделі болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз