Жаңалықтар

Қазақстанда жұмыс істейтіндердің жартысы ғана зейнетақы жарнасын тұрақты аударады

Тұрақты түрде зецнетақы жанасын аударатындардың қатары аз / Фото: shutterstock

Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы ғана зейнетақы қорына жүйелі түрде ақша аударады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары осындай тұжырымға келді. Деректерге сүйенсек, елдегі еңбек күшінің ішінде жылына 9–12 ай бойы тұрақты жарна аударатындар қатары – 4,7 миллион адам.

Сондай-ақ сарапшылар жинақтаушы зейнетақы жүйесінің басты түйткілін атап өтті. Бүгінгі таңда басты мәселе – жиналған қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану емес, азаматтардың зейнетке шығарар сәттегі жинақ көлемінің жеткіліксіздігі болып отыр.

Дегенмен, жалпы жинақ көрсеткішінде оң динамика бар. 2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша казахстандықтардың зейнетақы жинағы 27,7 триллион теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл қаражат 1,4 триллион теңгеге немесе 5,4%-ға көбейген.

Бұл өсімге жұмыспен қамту деңгейі мен номиналды жалақының өсуіне байланысты зейнетақы жарнасының көбеюі мен зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі ықпал еткен.

Ал кері әсер еткен фактор – теңгенің нығаюы. Ұлттық валютаның күшеюі шетелдік активтерді қайта бағалау кезінде теріс ықпал етіп, қаржы нәтижесін аздап төмендетті.

Сарапшылар зейнетақы жүйесін дамыту үшін, ең алдымен, азаматтарды ай сайын үздіксіз жарна аударуға ынталандырып, ресми жұмыс істейтіндердің үлесін арттыру қажет деп тұжырымдайды. Сондай-ақ еңбек өнімділігін көтеріп, халықтың табысын өсірумен қатар, зейнетақы жинақтарын инфляциядан қорғап, оның нақты кірістілігін қамтамасыз ету маңызды.

«Бұдан бөлек, зейнетақы саясаты анық әрі болжамды болып, халықтың жинақтаушы жүйеге деген сенімі сақталуы тиіс. Міне, осы міндеттер кешенді түрде шешілсе ғана, зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізіп, болашақ ұрпақ зейнетке шыққанда жеткілікті қаражатпен қамтамасыз етіледі», – дейді сарапшылар.

Бұған дейін экономист Айдархан Құсайынов зейнетақы жүйесіндегі реформаға қатысты пікір білдіріп, әр адам зейнетақы жинағын қалыптастыруға мүдделі болуы керек екенін жазған.