
Әлемдік мұнай нарығында соңғы күндері бағыт күрт өзгерді. Өткен аптада барреліне 100 доллардан асқан Brent бағасы 28 шілдедегі саудада 86,89 долларға дейін төмендеді. Бір күн ішінде баға тағы 1,7%-ға арзандады. WTI маркалы мұнай да 1,8%-ға түсіп, 81,16 доллар шамасында саудаланып жатыр.
Brent мұнай бағасы онлайн
Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.
Бағаның төмендеуіне АҚШ пен Иран арасындағы әскери қимылдардың уақытша тоқтауы себеп болды. Вашингтон Иранға әуе соққыларын жасауды бірнеше күнге доғарып, тараптар келіссөз жүргізе бастағанын мәлімдеді. Нарық мұны Таяу Шығыстан мұнай жеткізуге төнген қауіптің азаюы ретінде қабылдады.
Соның нәтижесінде 27 шілде, дүйсенбі күні Brent бірден 8,7%-ға арзандап, 88,36 долларға түсті. WTI бағасы 7,5%-ға төмендеп, 82,61 доллар болды. Сейсенбі, 28 шілде де төмендеу жалғасты. Осылайша, мұнай екі сауда күнінде шамамен 10%-ға арзандады.
Бағаға Қазақстандағы жағдай да әсер етіп отыр. Дрон шабуылдарынан кейін жұмысын уақытша тоқтатқан Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі терминалы мұнай тиеуді қайта бастады. Бұл әлемдік нарықтағы ұсыныс тапшылығына қатысты алаңдаушылықты біршама бәсеңдетті. Терминал тоқтап тұрған кезде Қазақстандағы тәуліктік мұнай өндірісі 2,16 млн баррельден шамамен 1 млн баррельге дейін азайған еді.
Дегенмен мұнай нарығындағы қауіп толық сейілген жоқ. Қызыл теңіз бен Ормұз бұғазындағы кеме қозғалысы әлі де тұрақсыз. АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нәтиже бермесе, әскери қимылдар қайта басталып, Brent бағасы тағы көтерілуі мүмкін.
Ал дипломатиялық келісім жасалып, негізгі теңіз бағыттарындағы тасымал қалпына келсе, мұнай бағасына төмендеу қысымы сақталады. Қазір нарықтағы бағаны сұраныс пен өндіріс көлемінен бұрын геосаяси жаңалықтар қозғап отыр.