«Қанша аз жесем де, арықтай алмаймын». эндокринолог мұның 4 басты себебін атады

Жарияланды 6 Тамыз 2026 16:02

Меліс Сейдахметов

Меліс Сейдахметов

Қазақ редакциясының шеф-редакторы m.seidakhmetov@kursiv.media
"Қанша аз жесем де, арықтай алмаймын". Эндокринолог мұның 4 басты себебін атады
Эндокринолог салмақ тастай алмаудың 4 басты себебін атады/фото: ЖИ арқылы жасалған

Эндокринолог Абылайхан Сәрсембай пациенттерде «қанша аз жесем де, салмақ тастай алар емеспін” деген шағым жиі кездесетінін айтады. Оның сөзінше, бұған ерік-жігердің жетіспеушілігі мен халық арасында айтылатын «баяу зат алмасу» себеп емес. Мұның астарында анықтауға әрі түзетуге болатын нақты факторлар жатыр.

«Баяу метаболизм» туралы миф

Дәрігер сау адамдардың негізгі зат алмасу көрсеткішінде қатты айырмашылық болмайтынын айтады. Орташа алғанда айырмашылық 10-15%-ды құрайды. Дене салмағына көбінесе басқа факторлар әсер етеді. Оған гормоналды фон, ұйқы сапасы, күйзеліс деңгейі, тамақтану әдетінің ерекшеліктері және тағамның нақты калориясы кіреді.

Гормондар дене салмағына қалай әсер етеді

Тәбет пен зат алмасуды реттеуде бірнеше гормон маңызды рөл атқарады.

  • Лептин – миға тоқтық туралы белгі беруге жауапты. Май тіні артық болғанда, оған сезімталдық төмендеуі мүмкін. Ондай жағдай лептинорезистенттік деп аталады, мұнда организм тоқтық белгісін нашар қабылдайды.
  • Грелин – «аштық гормоны» ретінде белгілі, ол ұйқы қанбағанда және калория созылмалы түрде дефицит болғанда көбейеді. Бұл тәбетті арттырып, жоғары калориялы тамаққа деген құмарлықты күшейтеді.
  • Инсулин – инсулинорезистенттік кезде май тінінің жиналуына ықпал етеді және тіпті калория дефициті болса да, оның жұмсалуын қиындатады.
  • Кортизол – созылмалы күйзеліс кезінде деңгейі көтеріледі, ол да тәбетті арттырып, майдың негізінен іш аймағында жиналуына ықпал етеді.
Абылайхан Сәрсембай
Абылайхан Сәрсембай/фото: дәрігердің жеке мұрағатынан

«Гормоналды бұзылыстар артық салмақтың сылтауы немесе үкім емес екенін айта кеткен жөн. Мұндай жағдайларды тексеру арқылы анықтауға болады. Қажет болса, дәрігер аш қарынға ТТГ, глюкоза және инсулин деңгейін, сондай-ақ көрсетілімдерге байланысты кортизолды анықтауды тағайындай алады. Алынған нәтижелер салмақты төмендетудің ең тиімді стратегиясын таңдауға көмектеседі», – дейді Абылайхан Сәрсембай.

Қалқанша безінің рөлі

Салмақ тастауға әсер ететін ықтимал себептердің бірі – гипотиреоз, ТТГ деңгейі төмендеп, қалқанша без функциясының баяулауы. Дегенмен, ол көбіне ондаған килограмм емес, тек бірнеше килограмм қосылуына әкеледі

«Егер әдеттегі тамақтану режимі сақталса да дене салмағы байқалатындай артып жатса, онда тексеруден өтпестен өзгерістерді қалқанша безінің жұмысымен түсіндіре салуға болмайды. Мұндайда тиреотропты гормон (ТТГ) деңгейін тексерген жөн», – дейді ол.

Арықтауға кедергі келтіретін басқа себептер

Салмақтың түсуіне тек гормоналды бұзылыстар кедергі болмайды. Ең жиі кездесетін себептер арасында төмендегідей факторлар бар. Олар:

  • Ұйқының жетіспеуі – тіпті бір-екі ұйқысыз түннің өзі келесі күні калориялы тамаққа деген құмарлықты арттыра алады;
  • Жасырын калориялар – соустар, жол-жөнекей жеңіл бірдеңе жей салу, тәтті сусындарды да есепке алған жөн. Өйткені олар рационның жалпы калориясын айтарлықтай арттырады;
  • Тым қатаң диеталар – калорияның тым қатты дефициті организмнің қорғаныс реакциясы ретінде зат алмасуды баяулатып, диетаны бұзып кету қаупін арттыруы мүмкін;
  • Кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдау – жекелеген антидепрессанттар, гормоналды құралдар мен кортикостероидтар да дене салмағына әсер етуі мүмкін. Егер салмақ өзгерісі емделу басталғаннан кейін пайда болса, бұл мәселені емдеуші дәрігермен талқылау қажет.

Эндокринологқа қашан қаралған жөн

Эндокринолог Абылайхан Сәрсембай атап өткендей, егер елеулі күш-жігер жұмсалғанына қарамастан салмақ бірнеше ай бойы түспесе, кезекті мәрте өз бетінше диетаны өзгертудің, я болмаса әмбебап шешімдер іздеудің қажеті жоқ.

Мұндай жағдайда эндокринологқа қаралып, қажетті тексеруден өткен маңызды. Бұл салмақ түсуіне кедергі келтіріп тұрған нақты себепті анықтауға, дәл сіздің жағдайыңызға ең қолайлы емдеу тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін дәрігер инфаркт пен инсульт аурударының «жасару» себебін түсіндіріп берген.

Сондай-ақ оқыңыз