Қорғанысқа бөлінген қаржы толық игерілмеді: 30 млрд теңге жұмсалмай қалды

Жарияланды 10 Тамыз 2026 12:58

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Қорғаныс бюджеті толық игерілмеді / фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанның республикалық бюджеті жылдың жеті айында жоспарланған шығыстың басым бөлігін игерді. 2026 жылғы 1 тамызға дейін 14,94 трлн теңге жұмсау көзделсе, нақты шығыс 14,76 трлн теңгені құрады. Бюджеттің орындалуы – 98,8%.

Жалпы көрсеткіш жоғары болғанымен, жекелеген бағыттарда айырмашылық айтарлықтай. Бір салалар ақшаны іс жүзінде толық игерсе, кейбірінде ондаған миллиард теңге жоспардан қалып отыр.

Республикалық бюджет шығыстары
2026 жылғы 1 тамызға
Бағыт
Жоспар
Нақты шығыс
Орындалуы
Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру
Жоспар 3,937 трлн ₸
Нақты шығыс 3,937 трлн ₸
100%
Денсаулық сақтау
Жоспар 916,7 млрд ₸
Нақты шығыс 914,9 млрд ₸
99,8%
Көлік және коммуникация
Жоспар 592,0 млрд ₸
Нақты шығыс 590,3 млрд ₸
99,7%
Білім беру
Жоспар 499,8 млрд ₸
Нақты шығыс 495,6 млрд ₸
99,2%
Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат
Жоспар 148,5 млрд ₸
Нақты шығыс 146,4 млрд ₸
98,6%
Қорғаныс
Жоспар 829,4 млрд ₸
Нақты шығыс 798,9 млрд ₸
96,3%
Ауыл шаруашылығы және қоршаған орта
Жоспар 261,8 млрд ₸
Нақты шығыс 248,2 млрд ₸
94,8%
Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік
Жоспар 863,2 млрд ₸
Нақты шығыс 806,7 млрд ₸
93,5%
Жалпы мемлекеттік қызметтер
Жоспар 894,3 млрд ₸
Нақты шығыс 827,0 млрд ₸
92,5%
Өнеркәсіп және құрылыс
Жоспар 14,5 млрд ₸
Нақты шығыс 13,2 млрд ₸
91,0%
Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі
Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әлеуметтік шығындар бірінші орында

Республикалық бюджеттегі ең үлкен бағыт – әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру. 1 тамызға дейін бұл салаға 3,94 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсалды.

Жоспардың орындалуы іс жүзінде 100%-ға жеткен. Яғни зейнетақы, жәрдемақы және басқа әлеуметтік төлемдер бюджеттегі ең тұрақты қаржыландырылатын бағыттардың бірі болып отыр.

Денсаулық пен білімде ақша түгелге жуық игерілді

Денсаулық сақтау саласына 1 тамызға 916,7 млрд теңге қарастырылған. Оның 914,9 млрд теңгесі жұмсалып, жоспар 99,8% орындалды.

Білім беруде де жағдай ұқсас. Жоспарланған 499,8 млрд теңгенің 495,6 млрд теңгесі игерілген. Орындалу көрсеткіші – 99,2%.

Көлік және коммуникация саласында да жоспардан үлкен ауытқу жоқ: 592 млрд теңгенің 590,3 млрд теңгесі жұмсалып, көрсеткіш 99,7%-ға жеткен.

Қорғанысқа жоспардан 30 млрд теңгеге аз жұмсалды

Қорғаныс шығыстарында айырмашылық айқынырақ. 1 тамызға дейін бұл бағытқа 829,4 млрд теңге жұмсау жоспарланғанымен, нақты шығыс 798,9 млрд теңге болды.

Нәтижесінде жоспар 96,3% орындалған. Яғни есепті кезеңге қарастырылған қаражаттың шамамен 30,5 млрд теңгесі игерілмеген.

Қауіпсіздік пен мемлекеттік қызметтерде игеру төмен

Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке 863,2 млрд теңге қарастырылған, оның 806,7 млрд теңгесі жұмсалған. Орындалуы – 93,5%. Жоспар мен нақты шығыс арасындағы айырмашылық шамамен 56,5 млрд теңге.

Ал жалпы мемлекеттік қызметтерде жоспардың 92,5%-ы орындалған. 894,3 млрд теңгенің 827 млрд теңгесі жұмсалды. Бұл жерде игерілмеген қаражат 67 млрд теңгеден асады.

Пайыз жағынан ең төмен көрсеткіш өнеркәсіп және құрылыс саласында тіркелді – 91%. Дегенмен бұл бағыттың бюджеттегі көлемі әлдеқайда шағын.

186 млрд теңге жұмсалмай қалды

Жалпы алғанда, 1 тамызға дейін республикалық бюджет бойынша жоспарға қарағанда шамамен 186 млрд теңге аз жұмсалған.

Бірақ негізгі әлеуметтік бағыттарда қаражат игеру мәселесі байқалмайды: әлеуметтік төлемдер, медицина, білім және көлік шығыстары 99–100% деңгейінде орындалған. Игерілмеген қаражаттың едәуір бөлігі жалпы мемлекеттік қызметтер, қоғамдық қауіпсіздік және қорғаныс бағыттарына тиесілі.

Тағы да оқыңыз: Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі қалай орындалып жатыр?

Сондай-ақ оқыңыз