
Brent мұнайының бағасы қайтадан барреліне 90 долларға жақындады. 12 тамыздағы таңғы саудада эталондық марка 89,63 долларға дейін көтерілсе, WTI 83,91 ддоллар деңгейіне жетті. Нарықтағы басты фактор – Ормұз бұғазы төңірегіндегі жағдай.
Brent мұнай бағасы онлайн
Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің созылуы және Ормұз арқылы мұнай тасымалының шектелуі трейдерлерді алаңдатып отыр. Reuters мәліметінше, соғысқа дейін бұғаз арқылы тәулігіне 125-140 кеме өтсе, 10 тамызда олардың саны алтау ғана болған. Бұл әлемдік мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелді күшейтті.
АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасы да мұнай бағасына қатысты болжамын өзгертті. EIA 2026 жылы Brent-тің орташа бағасы 86,81, ал WTI 80,88 доллар болады деп болжап отыр. Агенттік Таяу Шығыстағы өндірістің бір бөлігі ұзақ уақыт қалпына келмеуі мүмкін екенін айтады.
Дегенмен мұнайды арзандатуы мүмкін факторлар да бар. API дерегі бойынша, АҚШ-та шикі мұнай қоры бір аптада 9,1 млн баррельге өскен. Бұған қоса OPEC+ қыркүйектен бастап өндірісті тәулігіне тағы 188 мың баррельге ұлғайтпақ. (Reuters)
Сондықтан қазір Brent үшін 90 доллар деңгейі негізгі шекке айналды. Ормұздағы жағдай ушықса, баға одан жоғары көтерілуі мүмкін. Ал АҚШ–Иран келіссөздерінде ілгерілеу байқалса, мұнай қайта арзандауы ықтимал.